Әзірге 1 млн-нан астам гектар жер мемлекетке қайтарылды
Елімізде 16 млн га көлемінде жайылым жетіспейді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы минситрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері және 10 тамыздағы жағдай бойынша комиссия 1 млн 119 мың га жерді мемлекетке қайтарды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.
Қазір 2 млн 94 мың га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп жатыр, прокуратура органдарында 698,4 мың га жерді тексеру бойынша 48 өтініш тіркеу сатысында тұр, – деді министр.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері әкімдіктердің учаскелерді заңнама талаптарын бұза отырып берген 74 фактіні анықтады.
«Сонымен қатар, мал жаю үшін 16 млн га көлемінде жайылымдардың жетіспеушілігі байқалады, бұл жағдай мал басының қысқаруына және ауылдағы әлеуметтік наразылықтың өсуіне алып келеді», – деп толықтырды Ербол Қарашөкеев.
Жалпы, комиссия 7,45 млн га алаңда 2584 субъектіге қатысты тексеру жүргізуді жоспарлап отыр, оның ішінде – 585,2 мың га егістік пен 6,86 млн га жайылым жер бар.
Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті әкімдіктерді пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтау бойынша жұмысқа белсенді қатысуға, сондай-ақ ведомствоға жер учаскелері бойынша ұсынылатын деректердің анықтығы мен өзектілігін бақылауға шақырды.
Еске сала кетсек, 2022 жылы 9 тамызда Президент жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойған еді.
Биыл жылдың соңына дейін мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан және қолданыстағы заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарлап отыр.