Halyq Uni логотип
×

Билік ұмытқан ауыл: Амангелді тұрғындары Ресейге ғана қатынай алады

Павлодар облысындағы ауыл тұрғындары азық-түлік алуға да бара алмай отыр

 Данияр Айтпайұлы 12.08.2022 | 10:34
Билік ұмытқан ауыл: Амангелді тұрғындары Ресейге ғана қатынай алады
Фото: видеодан скриншот

Павлодар облысында Ресеймен шекарада орналасқан ауылдағы жалғыз жолды су шайып кетті. Енді 300-ге жуық тұрғыны бар ауылдың халқы басқа елді мекендерге, аудан орталығына қатынай алмай қалды. Тіпті үйіне азық-түлік жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ертіс ауданына қарасты Амангелді ауылы Ресей Федерациясының Омбы облысымен шекарада орналасқан. Осы ауыл маңынан өтетін республикалық маңызы бар Ленин – Ертіс – Русская Поляна тас жолына қатысты мәселе туындады. Бұған дейін Амангелді ауылының тұрғындары күре жолға шығу үшін «Амангелді» шекара бекеті арқылы Омбы облысының аумағына өтетін. Содан кейін ғана Қазақстан территориясына өтеді. Алайда тамыздың басында Омбы жол бөлігін жауып тастаған. 

Содан кейін негізгі жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жердің бетін тегістеп, уақытша айналмалы жол жасаған. Алайда бірнеше күн жаңбыр жауып, салдарынан бұл жолды су шайып кетті. Тіпті жол талғамайтын көліктер де өте алмай қалды. Соған байланысты Амангелді ауылының тұрғындары шағымдарын жеткізді.

«Артық айтқанымыз емес, бұл біз үшін өмірлік маңызы бар жол. Ауылда медициналық көмекті қажет ететін зейнет жасындағы адамдар, бір жасқа толмаған баласы бар отбасылар мен жүкті әйелдер тұрады. Оларды емханаға апару, жедел жәрдем шақыру мүмкін болмай қалды. Ауылдың сыртындағы әлеммен қатынас үзілді. Тіпті азық-түлік әкеле алмаймыз», - дейді ауыл тұрғындары.

Олардың сөзінше, биліктегілер жол екі жылдан кейін ғана салынатынын айтқан.

Жаңбыр бір күн жауды, салдарынан жол жабылып қалды. Біз қазір Ресейге ғана шыға аламыз, Қазақстанның басқа өңірлеріне бара алмаймыз. Ауылда 285 адам тұрады, оның ішінде 18 жасқа толмаған 100 бала бар. Аяғы ауыр үш әйел бар. Ауылда су, байланыс болмаған кезде үндемедік. Шыдадық. Бірақ шыдамымыз таусылды. Күз жақындап қалды. Қысқа қамдануымыз керек, - дейді олар.

Амангелді ауылын негізгі жолмен байланыстыратын жолға асфальт нақты қашан төселетіні белгісіз. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Павлодар облысы филиалының басшысы Ержан Қисықов аталған жол бөлігіне құрылыс материалдары төселіп, уақытша қалпына келтіретіндерін мәлімдеді. Алайда нақты қашан қалпына келетіні айтылмады.

Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, Ертіс ауданы әкімдігі Амангелді ауылына дейінгі 17 шақырымға тас жол төсеу бойынша жоба әзірлеген. Алайда аталған жоба бойынша жұмыстың нақты қашан басталып, қай уақытта аяқталатынын хабарланбады.

Ертіс ауданы – Павлодар облысының солтүстік-батыс жағында, Ертіс өзенінің сол жағасында орналасқан.

Аудан солтүстікте Ресей Федерациясының Омбы облысымен, шығыста облыстың Железинка, Қашыр аудандарымен, Оңтүстікте Ақтоғай ауданымен, батыста Ақмола облысымен шектеседі.

Аудан құрамына кіретін 27 елдімекен 12 ауылдық округке біріктірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама