«Қант неге қымбат?»: Смайылов монополист қызметін тексеруді тапсырды
Үкіметте экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Премьер-министр қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді, онда қант нарығындағы монополияға қарсы ден қою шаралары қаралды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин елімізде қанттың негізгі көлемі Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан төрт зауытта өндірілетінін атап өтті.
Бұл ретте елде өндірілген қанттың негізгі көлемін (шамамен 90%) ірі көтерме жеткізушінің сатып алғаны атап өтілді, оның іс-әрекеттерінен тауарды айналымнан алып қою белгілері байқалып отыр, соның салдарынан қанттың нарықтық бағасы 700-800 теңгеге дейін көтерілген, ал өндіруші зауыт оны 420-450 теңгеден сатады, – делінген хабарламада.
Қант сатудың динамикасын зерттеу барысында әр айдың соңында компанияда елдің жекелеген өңірлерінде сұранысты ішінара қанағаттандыруға мүмкіндік беретін қалдық қордың болғаны анықталды. Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеу тағайындады.
Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін нарық субъектілерінің тауар биржасы арқылы қанттың ең аз партияларын (60 тонна) өткізу бөлігінде оларға бақылауды қатаңдату, сондай-ақ импорттаушыларды биржа арқылы қант өткізуді жүзеге асыруға міндеттеу және өндіруші зауыттар үшін шикізат сатып алуға айналым несиелерін бөлу мәселесін қарау ұсынылды.
Премьер-министр ұсынылған тәсілдерді қолдап, мемлекеттік органдарға бірқатар қосымша тапсырмалар берді.
Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша компанияға қатысты тергеуді жалғастыруды тапсырды.
Қаржылық мониторинг агенттігіне осы кәсіпорынның қызметін ықтимал бұзушылықтар тұрғысынан егжей-тегжейлі талдау тапсырылды.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, отандық қант зауыттарына шикізат сатып алуға «айналым схемасы» бойынша қаражаттың бір бөлігін жіберу мәселесін пысықтауды тапсырды.