«Диагнозды телефонға қарап қояды»: Нарынқол ауылының тұрғындары сауатсыз дәрігерлерге шағымданды

Халық үні

Нарынқол ауылының тұрғындары сауатты медицина мамандарының жоғын айтады.

© baq.kz

Алматы облысы Нарынқол ауылының тұрғындары жергілікті дәрігерлердің ұялы телефонға қарап диагноз қоятынын айтады.  40 мың халқы бар Райымбек ауданындағы жалғыз аудандық ауруханаға әлі күрделі жөндеу жүргізілмеген, деп хабарлайды «Алматы» арнасы

Нарынқол ауылының тұрғындары сауатты медицина мамандарының жоғын айтады.

Әйтеуір диагнозды ұялы телефонға қарап қояды. Өздері ауруды таба алмайды ғой. Оқымаған, түк білмейді. Оқыған білімі жететіндер келсе ғой, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әлібек Дәлденбаев.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға келген мамандарға жағдай жасалмайды.Сол себепті білікті маман жоқ.

Жастар мейірбикенің оқуын оқып келеді. Ал дәрігерлердің саны шектеулі. Менің анамның өзі ауруханада істейді. Сауатсыз дәрігерлер де бар деп айтып жатады. Сондықтан ауылға сауатты маман керек, оларға жағдай жасау керек, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әсел Советбай.

Ауыл халқы қаралатын Райымбек аудандық орталық ауруханасының жағдайы сын көтермейді.  Тұрғындардың айтуынша, 1989 жылы салынған бұл медициналық мекемеге әлі күнге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Ескі емхананың қазіргі жағдайын ондағы қызметкерлер де жасырмайды. Жауын жауса, төбеден су тамшылап, жел соқса, шатыры ұшады екен.

Жаңбыр болған кезде анау 3-4 қабатты су басып кетеді. Мен хирургия бөлімінде істеймін ғой. Су тамшылайды. Ішіне дейін кіреді. Сатыларға шелек қойып қояды, – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК хирургия бөлімінің қызметкері Жанар Ақбаева.

Терапевт, хирург, гинеколог келсе, жеткілікті деп ойлаймын. Жалақы аз емес, мүмкін, келген  маманға үй беру керек шығар. Жастардың ауылға тұрғысы келмейді ғой. Жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген. Ал мамандардың біліміне келсек, бәрі білімді деп ойлаймын, – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК бас мейірбикесі Назгүл Мержанова.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Райымбек ауданына іссаппары кезінде аталған аудандағы 1 аурухана мен 5 дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуді қажет ететіні айтылған. Облыс басшысы жағдайды көзбен көріп, тиісті тараптарға тапсырма беріп кеткен.