Малое Белое ауылында қайтыс болған 3 адамнан қанның қатерлі ісігі анықталған
Солтүстік Қазақстан облысында Малое Белое ауылының тұрғындары жаман ауруға шалдығып жатыр. Арасында қатерлі ісіктен қайтыс болғандар да бар. Тұрғындар оған медициналық препараттарды жоюмен айналысатын ЖШС-ны кінәлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое ауылы Петропавл қаласының іргесінде орналасқан. Қазір мұнда 30-дан астам үй бар. Ауылда тұрғын үйлердің маңында орналасқан кәсіпорыннан ауаға түрлі зиянды заттар тарап, тұрғындар уланып жатыр. Кейінгі жылдары елді мекенде өлім-жітім көбейген.
Медициналық препараттарды өртеген кезде ауылды қою тұман басады. Дәрі-дәрмек, түрлі таблетка, пластмасса жанған кезде бақшадағы картоп құрғап кетеді. Қазір ауылдағы басты проблема осы болып тұр. Жағымсыз иістен балалар тұншығады. Жыл басынан бері үш адам қайтыс болды. Олардан қанның қатерлі ісігі анықталды, - дейді ауыл тұрғыны Евгений Никифоров.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпорын күндіз жұмыс істемейді, жабық тұрады. Жұмысы кешке басталады.
«Түнде ұйықтау мүмкін емес. Есік-терезенің бәрін жауып тастаймыз. Басқа амал жоқ. Ыстық күнде кәсіпорын маңынан түтін шығады, жағымсыз иіс бүкіл ауылға жайылады», - дейді тұрғын Марина Гаммермайстер.
Асанов ауыл округінің әкімі Серікбай Қазеев бұл кәсіпорынға қатысты ешқандай мәселе туындамағанын айтты. Ал әкімнің өзі басқа елді мекенде тұрады.
«Экомед Фармация» ЖШС Асанов ауыл округінің аумағында 2009 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Ол медициналық шприцтерді жоюмен айналысады. 2022 жылдың ақпанынан бастап бұл ЖШС-ның лицензиялау мерзімі аяқталды. Қазір сол лицензияны қайта алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер заңбұзушылық анықталып, тұрғындардан шағым түссе, учаскелік инспектормен бірге барып, тергеу жүргіземіз», - дейді Қазеев.
Енді компания жұмысын экологтар тексереді.