Арзан дизель отынын қымбатқа сатқан ЖШС әшкереленді
Заңсыз қызметі арқылы 74,4 млн теңге пайда тапқан
Ақтөбе облысында төмендетілген бағамен дизель отынын алған Жауапкершілігі шектеулі серіктестік оны серіктестікке тиесілі жанар-жағармай құю станциялары желісі арқылы сатқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында операторлардың бірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтініші бойынша арзандатылған дизель отынын жеткізуге арналған монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактісін анықтады.
Мәселен, 2020-2021 жылдары жалпы көлемі 12,5 мың тоннадан астам төмендетілген бағамен дизель отынын алған ЖШС ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне бар болғаны 10,3 мың тоннасын жеткізген. Ал қалған 2,2 мың тонна көлемінде дизель отынын серіктестікке тиесілі жанар-жағармай құю станциялары желісі арқылы сатып, 74,4 млн теңге көлемінде қосымша кіріс алған, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.