Алматыда жалға берілетін пәтердің бағасы қымбаттады

Дастан Жұмабекұлы

Қалада үш бөлмелі үйді жалдау - 500 мың теңге

фото: ашық дереккөз

Алматыда жалға берілетін пәтердің бағасы қымбаттады.

Бұл туралы Krisha.kz хабарлады.

Жылжымайтын мүлікпен айналысатын сарапшылар Алматыда пәтерді жалдау бағасы орта есеппен 15 пайызға өскенін айтты.

Тамыздың екінші аптасынан бастап пәтерлердің бағасы өскен. 9 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Алматыда пәтер жалдау бағасы шаршы метріне 4900 теңге болды. Кейінгі айларда екі бөлмелі пәтер айтарлықтай қымбаттаған. Оның бағасы 25 пайызға өсті. Бір бөлмелі пәтерлер бойынша өсім 7 пайыз, ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша 14 пайыз болған.

Осылайша, маусымда бір бөлмелі пәтерлерді жалға алу орташа есеппен айына 140 000 теңге болса, тамызда  150 000 теңгеге жеткен.

Екі бөлмелі пәтерлер маусымда – 200 000 теңгеге, тамызда – 250 000 теңгеге, үш бөлмелі пәтерлер маусымда – 280 000 теңгеге, тамызда – 319 000 теңгеге берілген.

Тұрғын үй кешендерінде тамызда пәтер бағасы шаршы метріне - 5200 теңге болды.

2015-2020 жылдары салынған тұрғын үй кешенін жалға алу құны:

бір бөлмелі пәтерлер – 150 000 теңге;

екі бөлмелі пәтерлер – 340 000 теңге;

үш бөлмелі пәтерлер – 500 000 теңге.

Пәтер жалдау ақысы да қала аудандарына байланысты ерекшеленеді. Мысалы, Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб, Әуезов аудандарындағы бір бөлмелі пәтерлер 150 мың теңгеге дейін барады. Алмалы, Бостандық, Медеу аудандарында 170 мың теңгеден басталды. Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб және Әуезов аудандарында екі бөлмелі пәтерлер айына 170-200 мың аралығында болады. Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында екі бөлмелі баспананың бағасы 250 мың теңгеден басталады.