Павлодардағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар қызды ұрып-соққан
Аталған жағдайға қатысты тергеу жүріп жатыр
Павлодар балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар қызды ұрып-соққан. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 тамызда полицияға Павлодар қаласының тұрғыны Айманов көшесі бойындағы Павлодар қаласының № 4 балабақшасында 3 жасар қызын тәрбиешінің көмекшісі ұрып-соғу фактісі бойынша жүгінді.
Аталған факті тіркелді. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап, бейнебақылау камераларынан алынған бейнематериалдарға зерттеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – делінген хабарламада.
Қалалық білім бөлімі мәліметінше, бұл жағдай 9 тамызда ұйықтайтын бөлмеде балаларды күндізгі ұйқыға жатқызу кезінде болған.
«Бейнебақылау камерасын тексеру кезінде тәрбиеленуші кереуеттің шетіне өзі соғылғаны анықталды. Алайда камералардан жазбаларды одан әрі қараған кезде тәрбиеші көмекшісінің «Б» кіші тобының тәрбиеленушісін ұрғаны анықталды», – деп түсіндірді Павлодар Білім беру бөлімінің өкілі.
Ведомство мәліметінше, мектепке дейінгі ұйым басшысының міндетін атқарушы және кіші топ тәрбиешісінің көмекшісінен түсініктеме алынған.
«Жұмыс берушінің бастамасымен кіші топ тәрбиешісі көмекшісінің еңбекшарты бұзылды. Дұрыс бақыламағаны үшін мекеме басшысының міндетін атқарушыға сөгіс түрінде тәртіптік жазалау шаралары қабылданды», – деді Павлодар қаласының білім беру бөлімі қызметкері.
Оның айтуынша, бұдан былай балабақша тәрбиешілері мен олардың көмекшілерінің жұмысы қатаң бақылауға алынады.