Halyq Uni логотип
×

Сапасыз оқулықтар мәселесі: Министрлік оқу бағдарламаларын өзгертіп жатыр

Қазір оқулық басумен жиырмаға жуық жеке баспа айналысады

 Айнұр Шошаева 10.08.2022 | 16:18
Сапасыз оқулықтар мәселесі: Министрлік оқу бағдарламаларын өзгертіп жатыр
Коллаж: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында сапасыз оқулықтар мәселесін қалай шешеді? Halyq Uni министрлікке ресми хат жазып, мәселені қалай шешіп жатқанын сұраған еді. 

Министрлік мәліметінше, бүгінде ведомство орта білім мазмұнын жаңарту аясында 7 жыл бұрын енгізілген оқу бағдарламаларына түзету жұмыстарын жасап жатыр. 

«Ондағы мақсат – практик-мұғалімдердің, ата-аналардың ұсыныс-пікірлеріне сүйене отырып, барлық пәннің оқу бағдарламаларын жетілдіру. Бағдарламалардың өзгерісіне қарай оқулықтар да рет-ретімен қайта әзірленеді», – делінген жауапта. 

Мәселен, биыл 2-сынып оқулықтары өңделіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. 

«Соңғы 3 жылда мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін мемлекеттік сараптау жүйесі айтарлықтай өзгерді. Атап айтқанда, авторлар мен сарапшыларға, баспа үйлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, мектеп базасында апробация өткізу рәсімі қарастырылды және мұғалімдер қауымдастықтары жұмылдырылды. Енген өзгерістер нәтижесін былтыр қайта басылған 1-сынып оқу әдебиеттерінен айқын байқауға болады. Бір оқу жылы ішінде олардың мазмұны мен құрылымына қатысты педагогтер мен қоғам белсенділері тарапынан салмақты сын-ескертпелер болған жоқ», – деп қосты министрлік. 

Елімізде мектеп оқушыларының контингенті жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында Қазақстанда 3,3 млн оқушы болған, оның ішінде 352 мың оқушы бірінші сыныпқа барды. 2021-2022 жылы 1 қыркүйекте 3,4 млн оқушы мектепте оқыды. Ведомство мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында Қазақстан бойынша 400 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.

«Оқушылар санының артуы, көші-қон, оқулықтардың тозуы мен жоғалуы сынды факторларды ескере отырып, білім берудің өңірлік органдары қажетті оқулықтарды сатып алады. Біздің елімізде 2007 жылдан бастап мемлекеттік мектеп оқушыларына оқулықтарды тегін беру мәселесі шешілген. Оқу-ағарту министрлігі ықтимал жетіспеушіліктің алдын алуды жіті бақылап отыр», – деді министрліктің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекет оқулық шығаруды бәсекелі ортаға тапсырып, бүгінде тек оның сапасын тексеру функциясымен ғана айналысады. Министрліктің тізіміне енген оқулықтарды 20-ға жуық баспа әзірлеп, басып шығарады. Ал дайын өнімді сатып алу мен олардың мектептерге жеткізілуін қамтамасыз етумен жергілікті атқарушы органдар айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапасыз оқулық үшін жеке жауапкершілік енгізу мәселесін көтерген.

«Бұл – Білім министрлігінің міндеті. Мен, басты міндеті деп айтар едім. Біздің оқулықтардың сапасы тым төмен. Сонымен қатар, оқулықтардың сапасы үшін оны әзірлеушілеріне қатысты жауапкершілікті күшейтуді заңнамалық тұрғыда бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындады ма, оның өмірге кәдесі жарамады ма, онда сол оқулықты әзірлеуші жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Одан басқа амал жоқ», – деген еді Тоқаев. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама