Светлана Анатольевна 1981 жылы Павлодар қаласында туған
Павлодар қаласында шенеуніктер шағын аудандарды аралап, азаматтарды қабылдап жатыр. Мәселен, 9 тамызда Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева 7-ші шағын ауданның азаматтарын қабылдады.
Азаматтарды қабылдау барысында жергілікті тұрғындардың бірі қала әкімі орынбасарынан қазақша қойған сауалға мемлекеттік тілде жауап беруін талап етіп, шенеунікті ыңғайсыз жағдайға қалдырды.
Мемлекеттік тілде жауап беріңіз. Мен қазақ тілінде жауап алғым келеді. Сіз қызметке тұрарда қазақ тілінен тест тапсырдыңыз ғой? Жақсы, қазақ тілін қашан үйренесіз, оған қанша уақыт керек, - дейді тұрғындардың бірі.
Қала басшысының орынбасары қазақ тілінде қойылатын кей сұрақты түсінбейтінін, алайда оған сұрақтарды аударып беретін көмекшілері барын айтып ақталды. Айтуынша, қазақша жақсы түсінеді, бірақ көп жағдайда мемлекеттік тілде жауап беруге қиналады екен.
Светлана Анатольевна 1981 жылы Павлодар қаласында туған. Жоғары білімі бар, педагог-психолог мамандығы бойынша Павлодар университетін (қазіргі - ИнЕУ) тәмамдаған.
Психология және политология магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2002 жылы Павлодар қаласының №43 жалпы білім беру мектебінде әлеуметтік педагог болып бастады. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Павлодар қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарады.