Ресейде көшеде отыз шақты спортшы төбелесті

Дастан Жұмабекұлы

MMA бапкері Руслан Булгучевке кемі төрт рет оқ тиген

фото: rbc.ru

Ресейде Ленинград облысы Мурино қалашығында 30 шақты адам төбелесті.

Бұл туралы «РЕН-ТВ» хабарлады.

Қазір төбелеске қатысушылардың бесеуі ұсталды. Төбелесте болған басқа адамдар іздестірілуде. Оларға бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ұсталғандар қатарында блогерлер, поп-ММА файтерлері Артем Тарасов, Никита Солонин, рэппер D.Masta (Дмитрий Никитин), MMA бапкері Руслан Булгучев пен оған оқ атқан адам бар.

Аралас жекпе-жектің жаттықтырушысы Руслан Булгучев төбелес кезінде зардап шекті. Оған жанжал кезінде адамдардың бірі тапанша алып шығып, алдымен ауаға, одан кейін жан-жағына ата бастаған. Төбелесіп жатқандардың бәрі қаша жөнелген. Ал Булгучев жерге құлап, сол жерде жатып қалған. 

Дәрігерлер бапкердің кеудесі мен жамбасына оқ тигенін анықтаған. Булгучевті кемі төрт рет атқан, алайда, оған көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханадан кетіп қалған.