Олар Президенттен көмек сұрады
«Күштік құрылымдар жазықсыз адамдарды азаптау арқылы қол қойдырып, мойнына қылмыстық істерді іліп жатыр» деген Жамбыл облысындағы бір топ ата-ана журналистерге жүгініп, Мемлекет басшысынан көмек сұрады.
Жамбылдық тұрғын Тоғжан Тыныштықпай қамауға алынған күйеуінің тағдырына алаңдайды. Айтуынша, жұбайы бір отбасыны асырап отырған Техникалық жөндеу орталығының қызметкері. Үш жасар баласымен жүрген келіншек екінші баласына жүкті екенін жеткізді. Тоғжанның сөзінше, полиция «Қару қабылдаймыз, өз еркімен өткізгендер қудаланбайды!» деп халыққа үндеу жариялаған кезде отағасы қаруын өткізеді. Алайда, жолдасы тергеуге алынып, оған 291-баптың 4-бөлігімен 8 немесе 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
«5 күні күйеуім Бақытжан Әлдеш үйден шыққан. Полиция департаментінің алдынан өтіп бара жатқан кезде полиция формасын киген адам «алыңдар, алыңдар!» деп дауыстап айтқан. Қаруды басқалар өз мақсатына пайдаланып кетпесі үшін алып тығып қояды. Күйеуім 3-4 күннен соң қару қабылдау акциясы басталғанда өз еркімен барып өткізеді. Кейіннен күйеуімді тергеуге алып кетті. Енді түрмеге қамалайын деп отыр» - дейді етегі жасқа толған келіншек.
«ҰЛЫМ ҚИНАЛҒАННАН ҚАСЫҚ ЖҰТЫП, ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРМЕК БОЛДЫ»
Тағы бір Тараз тұрғыны Рабиға Бекпатшаева күштік құрылым қызметкерлері баласының қалтасына қару салып, қылмысқа тартып жатқанын айтып отыр.
«Балам Мамырбек Ахыт 1993 жылы туған. Ол қаңтардың 19-ы күні Алматыдан Таразға қарай таксимен жолға шыққан. Көліктің ішінде жүргізуші, бір әйел және менің балам отырған. Жолда келе жатқанда оларды «Алтын Орда» маңында бір тексерген, екінші рет Отарда тағы тексерген. Содан кешкі сағат 21:00 шамасында Таразға жете бергенде орган адамдары тоқтатып, жолаушылардың барлығын сыртқа шығарып, жерге жатқызып қойған. Көлікте болған әйелдің сөзінше, менің баламды екі метрдей алыс жерге алып кетіп, оны мылтықпен әбден ұрған. Сонда балам «Әпке, айтыңызшы мыналарға мені танитыныңызды, мына қару менікі емес» деп айқайлаған. «Мен басымды көтеріп қарай бергенім сол еді, басыма қару тақап, қаратқызбай қойды», деді әйел. Содан олар менің баламның қолын қайырып, басқа көлікпен алып кеткен. Ал жүргізуші мен әйелді Тараздағы орган қызметкерлері алып келген. Сондағылар «сендер террористпен келе жатқандарыңды білесіңдер ме, мына баланың қойнында қаруы бар» депті. Сонда олар өздері қаруды салып жіберген болып тұр ғой. Қазір балам тергеуде отыр. Үш қабырғасы сынған. Сол жақтағылардың қысымынан қасық жұтқан. Қатты қиналғаны соншалық өз-өзін өлтірмекші болған. Сондағыларға хат жазып жатып, баламды рентгенге түсірдім. Расымен, ішінде қасық жүр. Қолымда дәлелдейтін қағазым бар. Міне!», - деп баласына алаңдаған ана сұқбат берді.
Тараз қаласының тағы бір тұрғыны Зарина Әшімжанованың айтуынша, ұлы тауып алған қаруын апарып бергені үшін істі болып отыр екен.
«Ұлым Нұрсұлтан Әлихан 6 қаңтарда қаскөйлер тастап кеткен қаруды тауып алып, соны апарып берген. Сол үшін қылмыстық кодекстің 291-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу - редакция) іс қозғап отыр. Балам Тараз өңірлік университетінің грант иегері, ІІ курста оқиды. Мамандығы - сәулетші. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Бас прокуратурадан көмек сұраймын.
Ал прокурорларға айтарым: Неге сіздер жас балалардан «Мылтықты неге алдың?» деп сұрап, артынша қағазға «болашақта маған керек болады» деп жазғызып жатсыздар? Не деген сұмдық? 19 жастағы бала «қару маған алдағы уақытта керек болады» деп айта ма? Ұлыма солай айтқызып, қол қойдырып алғанын оқыдым. Құрметті Президент мырза, прокуратура адамдары, осыған көмек берсеңіздер!
Біз Полиция департаментінің қасында тұрамыз. Сол күні ПД өртеніп жатыр деген соң ұлым досы екеуі қызығып барған. Барса, жерде мылтықтар шашылып, оны бір кісі таратып жатыр екен. «Мә, ал!» деп қолына ұстата салған. Алған да қайтқан. Ертесіне полицияға «Біз бардық, қолымызға біреу қару ұстатты, ол досымның үйінде тұр» деген. Онымен біреуді атпаған, қаруды мүлде қолданбаған. Олар анау Дикий Арман, Қуат Хамиттерді ұрып-соғып жатқанда біздің балаларды бұйым көре ме? Аямайды ғой... Баламызды 21-ші қаңтарда бір-ақ таптық, сөйтсек оны 17 күні қамап қойған екен, 4 күн іздедік. Бірінші күні әбден ұрып-соққан, одан кейін «С13» деген изоляторға қамаған. Енді 10 жылдан 15 жыл аралығында терроризммен түрмеге отырғызбақ. Қазақстан халқынан көмек сұраймын», - деді тараздық тұрғын Зарина Әшімжанова.
Қаңтар оқиғасы кезінде жазықсыз ұсталған азаматтарды анықтап, оларды қамаудан шығару мақсатында Жамбыл облысында тәуелсіз қоғамдық комиссиялар құрылып жатыр. Мақсаты - баласы үшін алаңдаған ата-аналарға құқықтық қызмет көрсету, қорғаушыларды жұмылдыру.
Осындай қоғамдық қызметтің басы-қасында жүрген тараздық белсенді Нұрлан Қанатов қазір қамауда 69 адам отырғанын, олардың алтауы кәмелет жасына толмағанын айтты.
Бізге көмек сұрап келіп жатқандардың көбі - жалғыз басты аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Бүгінге дейін бізге 25 отбасы жүгінді. Азаптауды доғару керек. Бізге әлі бірде-бір террористі көрсеткен жоқ. Жамбыл облысының прокуратурасына айтарым: барлық мәліметті көрсету керек. Өйткені біз қанша адам нақты қаза болғанын, нешеуі қамалғанын білмейміз. Білетініміз 69 адам қамауда отыр, олардың алтауы кәмелет жасына толмағандар. Бірі 16 жаста, қалғаны 17 жастағылар. Тағы бір мүгедек адам бар. 16 адам қаза болған. Қамалғандардың 90 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Мұның бәрі - өзіміз жинаған ақпараттар. Прокуратура жұмған аузын ашпайды. Олар осының бәрін айтуы керек. Менің де Президентке айтар өтінішім осы! Өңірдегі қалталы азаматтардан да бұл жағдайға атсалысуын сұраймын. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуіміз керек, - дейді қоғам белсендісі.
Жақында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов брифинг өткізген болатын. Полковник мырза 4-7 қаңтар аралығында Таразда өткен оқиғаларға сәйкес қозғалған қылмыстық істерді айтып өтті. Аймақтың бас тергеушінің сөзіне сенсек, бейбіт жиындарды өткізу туралы заңнаманы бұзғаны үшін, әкімшілік ғимараттарды өртеу, тәртіпсіздікке жол беру, қауіпсіздік органдары қызметкерлерін өлтіру және басқа да жайттар бойынша бүгінде құқық қорғау органдары 73 қылмыстық іс тіркеген. Оның ішінде ІІБ – 64. Тәртіпсіздік салдарынан 15 адам алған жарақатынан қаза тапты, 280 адам түрлі жарақаттармен емдеу мекемелеріне жүгінді. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 66 адам ұсталды, оның сегізі – кәмелет жасына толмағандар.
Барлық тергеу әрекеттері қорғаушының қатысуымен жүргізіліп, бейнежазба жүргізілуде. Дәлелдемелерді жинау Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің нормаларына сәйкес қатаң түрде және прокурордың қадағалауымен жүзеге асырылуда, - деп айтып өтті Темірбек Оразымбетов.