Halyq Uni логотип
×

Ауыл әкімінің орынбасары 13 жастағы қызды педофилден құтқарып қалды

Күдікті қамауға алынды

 Динара Амантай 10.08.2022 | 11:08
Ауыл әкімінің орынбасары 13 жастағы қызды педофилден құтқарып қалды
Фото: Түркістан облысы ПД-ның баспасөз қызметі

Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығы жасөспірім қызды педофилден құтқарып қалған азаматты арнайы қабылдап, марапаттады. Бұл туралы ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында болған. Отбасымен кешкі серуенге шыққан жасөспірім қыз үйіне ертерек қайтқан. Сол сәтте соңынан ерген күдікті шашынан тартып, шетке қарай сүйреп алып шыққан. Бетінен ұрып, жерге құлатқан. Көмек сұрап айқайлаған оның аузын жауып, қылқындырған. Сол тұста әйелімен бірге өтіп бара жатқан Сүйіндік Сейітжаппарұлы қыздың дауысын естіп, бірден көмекке ұмтылған.

Жүгіріп келе жатқанымды көрген күдікті қаша жөнелді. Қыздан мән-жайды сұрап білген соң, бірден соңынан қудым. Кейін қуып жетіп, оны полицияға тапсырдым. Менің орнымда басқа біреу болса да осылай көмектесер еді. Бұл менің азаматтық борышым деп білдім. Ең бастысы қыздың жағдайы жақсы – дейді Сүйіндік Сейітжаппарұлы.

Бүгін Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков бейбіт күннің батыры Сүйіндік Сейітжаппарұлын қабылдады. Арнайы сыйлықпен марапаттап, алғыс айтты.

Ал, күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» және 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама