Сотталғандардың туыстары сот үкіміне келіспей отыр, олар істі қайта қарауды сұрайды
Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз атып, экологиялық қылмыс жасағаны үшін сотталған 11 адамның туыстары облыстық соттың алдына жиналды. Олар сотталғандардың көпбалалы әке екенін айтып, сот үкімін өзгертуін сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сотталған 11 азамат – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Сарыкөл және Мәштексай ауылының тұрғындары. Олар 2020 жылдың тамызында ұсталды. Тергеу жүргізіліп, сот үкімі 2022 жылдың 29 наурызында шықты. Қылмыстық іс алдымен облыстық сотта қаралып, кейін Жаңақала аудандық сотына берілді.
11 ер адамның 51 баласы тірі жетім болып қалды. «Балалар жылы» дегені қайда? Бәріміз көпбалалы анамыз, мынадай қымбатшылықта балаларды қалай асыраймыз? Күйеуіміз 7 жыл 3 ай түрмеде отыруы керек. Одан шыққан соң мойнына ілінген 165 миллион теңгені қалай төлейді? Түрмеден шыққан соң оларды жұмысқа кім алады? Тіпті несие де берілмейді. Осыншама қаржыны өтеу тіпті төртінші-бесінші ұрпағымызға дейін жалғасатын шығар?!, – дейді сотталған Нұрлыбек Жангереевтің жұбайы Алтыншаш Байқонақова.
Әйел кісі өлімі үшін 4-5 жыл берілетінін, алайда киік атқандарға қатаң жаза қарастырылғанын айтады. Әділдік іздейміз, сот шешімімен келіспейміз, дейді ол.
Сондай-ақ осы іске байланысты Сарыкөл елді мекенінің тұрғыны Жанарбек Максимовтың үйіне 2020 жылдың 15 тамызында тінту жүргізілген.
«Таңғы сағат 6:30-да үйге тергеушілер бетперде таққан әскерилермен бірге баса көктеп кірді. Ұйқыдағы отбасымыз ештеңені түсінбей қалдық. Себебін сұрағанымызда киік атуға байланысты жүрміз, қылмысқа қатысыңыз бар-жоғын тексереміз деді. Тінту кезінде ештеңе таппады. Үйдегі автокөлік пен мотоциклді тәркіледі. Күйеуімді тергеуге алып кетіп, кейін босатты. Кейін шақырып, жауап алмастан қолына кісен салған. Қамау мерзімі бірнеше күннен бірнеше айға созылды», - дейді Максимовтың әйелі Марал Қазиева.
Сот процесі облыстық сотта 2021 жылдың 29 қаңтары басталған. Іс 16 маусымда аудандық сотта қаралды.
«Іс ауданға ауыстырылған кезде де күйеуіме қарсы куәгер табылмады. Әр бейсенбі сайын сот отырысы болды. Қылмыстық іске 62 куәгер шақырылған, алайда менің жолдасыма қарсы куәгер болмады. Оралға алып кетті. 2022 жылдың 22 қаңтарында қайта Жаңақала ауданына әкеліп, екі айға босатты. Үйқамақта болды. 29 наурызда 11 жігіт 7 жыл 3 айға сотталды. Қылмыстық топ деп соттаса да, оны кім құрғанын айта алмады», - дейді әйел.
Үкім қылмыстық кодекстің 337-бабы («заңсыз аңшылық») және 339-бабы («өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлері, олардың бөліктері немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша шықты.
Сот шешімімен келіспеймін. Қылмыс үстінде ұсталса немесе тінту кезінде айғақ табылса басқа, бұл жерде дәлел де, куәгер де жоқ. Сотталғандардың барлығы көпбалалы. Бәрі асыраушысыз қалды, соны ескеріп, неге жеңілдік жасамайды? Апелляциялық шағым түсірдік, әділ шешім сұраймыз, - дейді Марал Қазиева.
Бұл істе сотталушылардың көбі киікті атпағанын, тек далада жатқан өлексесінен мүйізін кесіп алғанын айтқан.
«Киік саны шектен асып, Үкіметтің өзі оны ату жайлы мәселе көтеріп отыр. Даладағы өлексенің мүйізін жинағандарды 7 жылға соттау тым қатаң жаза», - дейді жиналғандар.
«Топтың ішінде інім кінәсіз сотталып кетті. Оралда екі жерде жұмыс істейтін. Ауылдағы үйді тінтіп, киіктің мүйізін тапқан. Оны інім көрмеген екен. Соттың шешіміне келіспейміз», - дейді сотталушы Жанайдар Отаровтың ағасы Бейбіт Отаров.
Сотталғандардың туыстары Amanat партиясының облыстық бөліміне көмек сұрап барған. Алайда партия бұл мәселеге ықпал ете алмайтынын жеткізген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі бұл іс бойынша апелляциялық арыз 16 тамыз қаралатынын растады. Сотталғандардың жақындары сот отырысын онлайн форматта емес, ашық режимде өткізуді сұрады.
Нұрлыбек РАХМАН, Батыс Қазақстан облысы