Human Rights Watch ұйымы «құқық қорғау органдары бүлік кезінде шектен тыс күш қолданды» деген сауал жолдаған еді
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне халықаралық Human Rights Watch үкіметтік емес ұйымының атынан еліміздегі қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының шектен тыс күш қолдану жағдайлары туралы ақпарат берілген сауал түсті. Сонымен қатар, HRW қамауға алынғандарға қатысты басқа да заң бұзушылықтар туралы мәлімет жариялады. Ведомство өкілдері HRW сауалына жауап берді.
Қазақстан шектен тыс күш қолданудың, заңсыз ұстаудың, азаптаудың және қамауға алынғандарға қатыгездік көрсетудің ықтимал жағдайларын айыптайды. Президент қарулы тәртіпсіздіктерге тергеу әділ болуы және заң аясында жүргізілуі тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Қамауға алынғандардың құқықтарын қатаң сақтау және сотта істің әділетті қаралуы міндетті шарт болуы тиіс. Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігін тергеу іс-шараларын жүргізген кезде азаптау мен қатыгездіктің өзге түрлерін қолдануға тыйым салатын еліміздің Конституциясы мен қылмыстық-процестік кодексiнің сақталуын қамтамасыз етуге шақырды, – делінген СІМ жауабында.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, заңсыз ұстау және қамауға алынған азаматтарға қатыгездік көрсету туралы кез келген мәліметтер мұқият қаралады. Сондай-ақ тергеу органдары түсіп жатқан барлық заң бұзушылық фактісін тексеріп жатқаны туралы айтылған.
Бас прокуратура деректері бойынша, бүгінде азаматтардың тергеу жүргізудің рұқсат етілмеген әдістеріне және құқықтарын бұзуға қатысты шағымдары бойынша құқық қорғау органдары тарапынан барлығы 98 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Одан бөлек, қамауға алынған азаматтардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға, Азаптауларды болдырмаудың ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне пенитенциарлық жүйе мекемелеріне қолжетімділік қамтамасыз етілген.
ҰАТ өңірлік топтары Қазақстанның 16 өңіріндегі 83 жабық мекемеге 97 тәуелсіз мониторинг жүргізді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына азаматтардан құқықтарының бұзылуы жөнінде 48 өтініш түсіп, қаралып жатыр. Сонымен қатар, өңірлік топтардың ұсынысы бойынша қамауға алынған және тұтқындалған азаматтарға адвокаттар мен азаматтық дәрігерлердің кіруі қамтамасыз етілді, - дейді ведомство.
Одан бөлек, СІМ жауабында Қазақстанның адам құқықтары саласындағы барлық міндеттемесін сақтауға бейілді екені және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен ашық диалогқа және ынтымақтастыққа дайын екені айтылған. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Human Rights Watch ұйымының атқарушы директоры Кеннет Ротпен кездесуі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.
Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.