Halyq Uni логотип
×

ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері пойыздарда тегін жүре алады

Олар ТМД елдеріне де бара алады

 Дәурен Ерболат 09.08.2022 | 12:49
ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері пойыздарда тегін жүре алады
Фото: sauap.org

Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері пойыздарда тегін жүреді. Бұл туралы Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету үшін «Жеңіс» әлеуметтік жобасы іске қосылады.

Оларға тек 9 мамыр – Жеңіс күнінде емес, жыл бойы көмектескіміз келеді. Осыған байланысты біз ұлттық еріктілер желісімен бірге «Жеңіс» әлеуметтік жобасын Қазақстан бойынша жүзеге асырамыз. Жоба 2 бағыттан тұрады. Біріншісі, Ұлы отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне (олардың жас ерекшелігіне қарамастан) материалдық және әлеуметтік қолдау көрсету. Екіншісі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен 1935 жылғы 31 желтоқсанға дейін дүниеге келген тыл еңбеккерлері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің аумағындағы бағытта пойыздарда ақысыз жүре алады, - деді қордың бас директоры ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Альфия Адиева бұл көмекті алу үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Пойыздарда тегін жүру үшін билет кассасында ҰОС ардагерлері өздерінің куәліктерін, ал тыл еңбеккерлері арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғанын дәлелдейтін зейнетақы құжатын ұсынуы керек, - деді басшы.

Ол былтыр жоба аясында 200-ге жуық ҰОС ардагері мен тыл еңбеккері пойызда тегін жүргенін атап өтті.

Сондай-ақ директор жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілетінін де айтты.

«Биыл құны 115 млн теңгеден асатын қайырымдылық көмек те қарастырылған. Бұл жоба аясында 2022-2023 жылдары волонтерлік рейдтер ұйымдастырылады. Көмекке мұқтаж жалғызбасты қарттарға дәрі-дәрмек, азық-түлік және тағы басқа тұрмысқа қажет заттар беріледі», - деді Альфия Адиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама