Әкімдік құжаттары жоғалып кеткен: Талдықорғандық қызметтік пәтерін жекешелендіре алмай отыр
Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде қазір 15 986 азамат тұр
Талдықорғанда кейінгі 10 жылда төрт мыңға жуық адам ғана тұрғын үй кезегіне тұру арқылы баспаналы болды. Жергілікті тұрғындар кезектің өте баяу жылжитынын айтып отыр. Енді бірінің кезегі жылжымай, кері кеткен. Талдықорғандықтар баспанаға қатысты мәселесін Halyq Uni тілшісіне айтты.
ТҰРҒЫН ҮЙ БЕРУ ТӘРТІБІНЕ НАРАЗЫ
Талдықорғандық Ләззат Қорданбаеваның пәтер кезегіне тұрғанына 10 жыл болған. Оның айтуынша, әкімдік тұрғын үй беру тәртібін дұрыс жолға қоймаған.
«2012 жылы үй кезегіне тұрдым. Жыл сайын әкімдікке барып, кезектің қанша орынға жылжығанын сұраймын. Бір барғанымда 300-дің айналасында тұрдым, кейін 148-орынға көтерілдім. Бір барғанымда 160-орында тұрғанымды білдім. Себебін сұрасам, кезек санаттар бойынша емес, жалпы тізімге ауыстырылғанын айтты. Неге олай істейді? Бірінші мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ауған соғысына қатысқандар алсын деген әңгіме басталды. Біздің кезегімізді ысыра берді», - дейді Ләззат Қорданбаева.
Көпбалалы әйел он жылдан бері баспана ала алмаған. Қазір төрт баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Айтуынша, балалары үшін алимент алмайды, ал тұрғын үйді ипотекаға алуға қаражаты жоқ. Әйел көпбалалы аналарға берілетін арендалық тұрғын үйді сатып алу құқығымен беруді сұрайды.
Талдықорғандық Салтанат Терлікбаева да осындай мәселемен бетпе-бет келген. Ол қалада мемлекеттен берілетін баспана оңды-солды сатылып жатқанын айтты. Әйел үй кезегіне 2011 жылы тұрған, ол кезде 780 адамнан кейін баспана алуы керек еді. Алайда 2019 жылы 1 280-орынға түскен. Ал қазір 1 400-орында тұр.
Менен кезегімді жылжыту үшін ешкім ақша сұрамады, бірақ ұлымнан 2 миллион теңге берсеңдер, екі бөлмелі пәтер береміз деп айтып жіберіпті. Бірақ ешкімге ештеңе бермедік. Үкіметтен тегін үй сұрап отырған жоқпын. Пәтерді ипотекаға рәсімдегім келді, бірақ зейнетақы жинағымда проблема шықты. Ол мәселені шешіп беруге ешкім көмектесе алмады, - дейді Салтанат Терлікбаева.
Қазір әйел қаладағы баспана саясатын бақылап отыратын қоғамдық белсендіге айналған. Тұрғындардың мәселесін айтып, әкімдікке де жиі барады. Ал өзі ипотекаға пәтер алу үшін ақша жинап жатыр.
БАСПАНАСЫН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРЕ АЛМАЙ ОТЫР
Жергілікті журналист Сандуғаш Дүйсенова 12 жылдан бері тұратын пәтерін жекешелендіре алмай отыр. Кейінгі төрт жылда қала әкімдігі баспанасын мемлекетке өткізіп, босатуын талап етіп отыр. Сандуғаш мұны кәсіби қызметімен байланыстырады.
«2004 жылы бюджет қызметкері ретінде баспана кезегіне тұрдым, ол кезде адам аз болды. Алдымда 800 адам ғана еді. Алты жылдан кейін кезегім келіп, баспаналы болдым. Маған коммуналдық тұрғын үйді жалға алу бойынша келісімшарт, қаулы секілді құжаттар берді. Мәз болып, сол үйде тұра бердім. Бірақ әкімдіктің «шабуылы» 2018 жылы басталды. «Сандуғаш Дүйсенова үйін заңсыз жолмен алған» деген арыз түсіпті. Төрт жылдан бері бойы солармен күресіп жүрмін. Сол кездегі тұрғын үй комиссиясының құжаттары жоғалып кеткеніне мен кінәлі емеспін», - дейді әйел.
Дүйсенова әкімдікті сотқа берген, енді мұның анық-қанығы сотта шешіледі.
Мені бұлай қудалауды тоқтатуды, өзіме тиесілі үйді жекешелендіруді талап етемін. Себебі оған адал еңбегіммен жеттім. Мені қаралап жатқандардың өзі ақ емес. Мен үйді мемлекет меншігіне қайтаратын болсам, олар да атына жаздырып алған үйлерін қайтарады, - дейді Дүйсенова.
Журналистің айтуынша, өзіне қарсы әрекеттің артында құқық қорғау саласының қызметкері тұр.
Талдықорған қаласы Тұрғын үй инспекциясының хабарлауынша, Сандуғаш Дүйсенова пәтерді тұрғын үй комиссиясы шешімінсіз алған. Ол кезде Дүйсенова Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Тұрғын үй қызметтік пәтер ретінде берілген. Қазір Дүйсенова ол жерде жұмыс істемейтіндіктен, үйді босатуы қажет.
Сондай-ақ Талдықорған әкімдігі тұрғындар үй кезегіне «Кезекте» порталы арқылы онлайн құжат тапсыратынын айтты. Бұл жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, 2022 жылдың маусымындағы ақпарат бойынша Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде 15 986 азамат тұр. Оның ішінде 6 010 адам – бюджет қызметкері, 9 976 адам – халықтың әлеуметтік осал тобы. Ішінде 1 667 – көпбалалы отбасы, 3 915 – толық емес отбасы, 716 – мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасы, 1 286 – мүгедектігі бар азамат, 1 310 – жетім балалар және тағы 1 082 адам бар.
Қалада кейінгі 10 жылда жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар арасында 3 994 пәтер бөлінді. Оның ішінде жеңілдікпен несие беру бойынша 2 204 пәтер берілді, Талдықорған қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан 1 790 пәтер берілген. 2022 жылдың басынан бері жеңілдікпен несие беру мемлекеттік бағдарламасы бойынша 60 пәтер бөлінді.
Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Жетісу облысы