Halyq Uni логотип
×

«Құрттаған каша, мерзімі өткен печенье»: тұрмысы төмен ата-аналар әкімге жетіп барды

Олар форма берілмесе, биыл оқушыларды мектепке де жібермеуге бекінген

 Еркеғали Болатұлы 09.08.2022 | 11:50
«Құрттаған каша, мерзімі өткен печенье»: тұрмысы төмен ата-аналар әкімге жетіп барды
фото: видеодан скриншот

Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында тағы да мектеп формасына қатысты дау туындады. Оған Сарыағаш ауданында әл-ауқаты төмен отбасыларға жыл сайын тегін берілетін киім-кешектің биыл берілмейтіні себеп болған деп хабарлады КТК телеарнасы.

«Баланы мектепке дайындауға қалтамыз көтермейді» деп шенеуніктерге жетіп барғанмен, олар көпбалалы аналарды жауапсыз қайтарады екен. Сондықтан топ болып жиналған әйелдер бұл жолы аудан әкімдігінің алдына жиналып, шу шығарды.

Мектепке бірыңғай форма кигізесің дейді. Біз береміз, осы форманы аласың деп жатыр. Менің жағдайым жоқ, қайдан аламын? Төрт балам мектепке барады. Әрқайсысына есептесең, 50 мыңнан кетеді. Оқу жабдығына 400 мың ақша керек. Мен оны қайдан аламын? - дейді ата-аналардың бірі Ғазиза Қожабердиева.

Ал келесі тұрғын Ділнұр Кәрімбаева дене шынықтыру пәніне киетін формалардың бала жасына қарай өзгеріп тұратынына наразы.

«Дене шынықтыру сабағында 4-сыныптан 8-сыныпқа дейін қызыл түс кисін, сосын 8-сыныптан жоғарыға қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Тамағын тауып бере алмай жатқан ата-аналар бар арамызда. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз», - дейді ол.

Сондай-ақ форма берілмесе, биыл оқушыларды мектепке де жібермеуге бекінген ата-аналар «жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттен берілуге тиіс көмекті мазақ еткендей береді» деп отыр. Айтуларынша, әр тоқсан сайын алуға тиіс әлеуметтік көмектері де кешіктіріледі екен.

Ал соны барып алсаңыз, ішінде жарамды нәрсесі жоқ. Құрттап кеткен кашалар, мерзімі өткен печеньелер береді, - дейді Ділнұр Кәрімбаева.

Есік алдына жиналған әйелдерді қызметкерлер әкімдік ғимаратына әзер кіргізген. Бірақ білім бөлімінің басшысы мен орынбасарларын місе тұтпаған әйелдер тек әкіммен ғана сөйлесеміз деп тұрып алыпты. Олармен кездесуге мәжбүр болған аудан әкімі биылға дейін мектеп формасымен қамтамасыз ету Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндеті болғанын, енді оның кімнің мойнына жүктелгені түсініксіз екенін түсіндірген.

Жаңа ғана мектеп формасы бойынша мен білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Бүгінде бізде мектеп формасы жетім, сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойдық, - деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.

Сонымен қатар, «биыл мұқтаж отбасындағы оқушыларға дайын форма емес, ата-ананың есепшотына ақшалай түседі» деген ол, киімді әркім өздері сатып алатынын түсіндірді. Ал осылайша елді даурықтырып қойған қызметкерлерді анықтап, оларға қатысты тиісті шара да қолданбақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама