Үлкенін де қараусыз қалдырған: балабақшада көз жұмған қыздың анасы тергеліп жатыр
Ол балабақшаның ақысын төлемей, қызына бір айдан аса уақыт келмеген
Биыл көктемде елордадағы жеке балабақшалардың бірінде бүлдіршін көз жұмған еді. Білім басқармасының мәліметінше, анасы кенже қызын тәулік бойы қарайтын бақшаға берген.
Одан кейін ол балабақшаның ақысын төлемей, қызына бір айдан аса уақыт келмеген көрінеді. Қазір жауапсыз ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Өкінішке қарай, ол әйел бұған дейін үлкен қызын да қараусыз қалдырып, істі болған. Сот шешімімен оның аналық құқығы шектелген.
«2 жасар қызды анасы жеке балабақшаға қалдырып кеткен. Бастапқыда ақшасын төлеп жүрген, бірақ кейін төлемей қойған. Бүлдіршін 11 сәуірде көз жұмды деген ақпарат бар. Жуындырып жатқан кезде суға батқан. Үлкен қызына да анасы көңіл бөлмеген. Қазір ана құқығы шектелді. Алимент өндірілді», - дейді қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марина Кушакова.