Ол 10 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды
Қызылорда облысында былтыр жасөспірімді қағып өлтірген жүргізушіге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2021 жылғы 11 сәуірде Қызылорда облысы Сырдария ауданының 43 жастағы тұрғыны сағат 20:00 шамасында Mercedes-Benz 200 Е автокөлігін басқарып келе жатып, Шаған ауылындағы көшелердің бірінде жылдамдық режимін асырған. Салдарынан қарсы бағытқа шығып, жолдың сол жағымен қарама-қарсы бағытта өз жолымен келе жатқан велосипедтегі жасөспірімді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақаттарынан жасөспірім оқиға орнында қайтыс болған.
Тексеру барысында жүргізушінің рөлде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сараланып, күдіктінің іс-әрекетіне объективті тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп, қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 300-бабына сәйкес, айыптау актісімен сотқа жолданды, – делінген хабарламада.
Сырдария аудандық сотының 2022 жылғы 14 шілдедегі үкімімен айыпталушыға 10 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.