Halyq Uni логотип
×

Атырау әкімдігі Теңіз кенішінде жұмыстан қысқаратын 39 мың адамның болашағына қатысты жауап берді

Жұмыстан босатылатындардың 37 мыңы - қазақстандықтар

 Халық үні 03.02.2022 | 09:44
Атырау әкімдігі Теңіз кенішінде жұмыстан қысқаратын 39 мың адамның болашағына қатысты жауап берді
Теңіз кеніші, фото: pricom.kz

Теңіз кенішіндегі «Болашақ кеңею жобасы» 2016 жылы басталды. Бүгінде жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының 82 пайызы аяқталды. Онда қазір 60 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 5 мыңы шетелдік. Ал жобадағы қазақстандық жұмысшылардың 40 пайызға жуығы - атыраулықтар. 

ТШО мәліметінше, «Болашақ кеңею жобасы» құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты 2022-ші жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамды босату болжанып отыр. Олардың 37 мыңы Қазақстан азаматтары. Шамамен 40 пайызы Атырау облысының тұрғындары, қалғаны еліміздің өзге өңірлерінен келіп жұмыс істеп жүрген азаматтар.

Атырау облысының әкімдігі қысқаруы мүмкін азаматтарды жұмыспен қамту бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Энергетика министрлігі және ТШО компаниясы басшылығымен байланыс орнатқан.

Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2 769 адам жобадан босатылды. Оның 1228-і жергілікті азаматтар. Аталған атыраулықтардың 785-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 19-ы басқа жобаларға ауыстырылып, екеуі оқуға жіберіліп, 210 адам әлеуметтік төлемдер алып отыр. Қалған 212-сі өз бетінше басқа жұмысқа орналаскан.

Биыл 1 тоқсанда 2 900-ден астам адам босатылады деп болжануда, олардың 1270-і Атырау облысының тұрғындары.

Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде («Еңбек», «ЖҚЖК», «ИИДМБ», «БЖК», «ӨДБ» және т.б.) жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды.

Сонымен қатар, облыста іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар шеңберінде биыл және келесі жылы 9 мыңдай адамды жұмыспен қамту көзделген, - делінген әкімдік жауабында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама