Премьер жер қойнауын пайдалану саласын тексеруді жеделдетуді тапсырды

Халық үні

Себебі осы салада заң бұзушылықтар азаймай отыр

фото: ашық дереккөзден

Смайылов жер қойнауын пайдалану саласын тексеруді жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов геологиялық барлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қазір ел аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін шамамен 1 млн 324 мың шаршы шақырым алаң қарастырылған. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 1 млн 65 мың шаршы шақырым жер қойнауы қосылған, тағы 259 мың шаршы шақырымы қосылады.

Геологиялық барлау саласына инвестиция тарту, пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында жер қойнауын пайдалану үшін еліміздің барлық қолжетімді аумағын ашу жоспарланып отыр.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, Қазақстанда тиісті түрде орындалмауына байланысты кен орындарын игеруге қатысты 31 келісімшарт бұзылып, 101 лицензияның күші жойылды. Қазір жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауына талдау жұмыстары жүріп жатыр – анықталған заң бұзушылықтар реттелмесе, келісімшарттар бұзылады және инвестиция тарту үшін аукционға шығарылады, – деді үкімет.

Үкімет басшысы жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды тексеріс жұмыстарын жеделдетуді әрі пайдаланылмайтын кен орындарының нақты тізбесін айқындауды тапсырды.