Қазірдің өзінде 37 үйді сот арқылы әкімдіктің балансына алып, кезекте тұрған басқа азаматтарға берген.
Мемлекеттен баспана аларда келісім шартты мұқият зерттеп, жақсылап қарап алғаныңыз жөн. Әкімдері жиі ауысатын Талдықорған әкімдігі тұрғындарға өздері берген пәтерлерін қайтадан тартып алып жатқан көрінеді, деп хабарлайды “Информбюро” жаңалықтар қызметі.
1062 адамның қолына "Сізге баспана заңсыз берілген" деген хаттама ұстатыпты. Тіпті есіктеріне мөр басып, үйдегі адамдарын қуып шығып жатыр.
Қазірдің өзінде 37 үйді сот арқылы әкімдіктің балансына алып, кезекте тұрған басқа азаматтарға берген. Ал он екі жылдан бері пәтерге иелік етіп келген тұрғындар баспаналарын оңайлықпен бермейміз деп отыр.
Сандуғаш Дүйсенова осыдан 12 жыл бұрын әкімдіктен кезегі бойынша баспана алғанын айтады. Осыншама уақыттан кейін олардың аяқ асты бұл пәтер заңсыз берілген деген шешіміне аң-таңмын дейді.
Қазір ол әкімдікпен соттасуға дайындалып жатыр. Мына қолындағы бір құшақ қағазға заңсыз пәтер алып, оны жалға беріп қойған шенеуніктердің тізімін жасап қойыпты. Енді осының барлығын сотқа бермек.
12 жыл бойы тұрған үйімнен шығармақшы. Заң бойынша “срок на давности” деген ұғым бар. Сонда бұлар мені үйден шығарса, 12 жыл бойы қайда қарап жүрді. Қарапайым елге заң бар да, ал мына әкім-дөкейлерге неге жоқ. Олар да шықсын. Біздің жай қарапайым қазаққа тиіспесін. Біздің ашуымыз оларға қарағанда керемет. Жоғалтатын ештеңеміз жоқ, – дейді Талдықорған тұрғыны Сандуғаш Дүйсенова.
Осылайша Талдықорғанда 10 жыл бұрын үй алған тұрғындардан маза қашқан. Ал әкімдік қолына хаттама алғандардың барлығы сотта заңды түрде баспаналы болғанын дәлелдеу керек дейді.
Талдықорған қаласында 1062 пәтердің заңбұзушылықпен алғандығын көріп отырмыз және де 1062 пәтердің иелеріне хабарлама берілді. Егер ол кісілер заңдылығын дәлелдей алмаса, біз осы пәтерлерді сот арқылы босатуға мәжбүрлі етеміз, – дейді Талдықорған қаласы әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Мәди Шакенов.
Қазір Талдықорғанда заңсыз берілген пәтерлердің есігіне осылай мөр басылған қағаз жабыстырылып жатыр.
Биыл Талдықорғанға жаңадан әкім болып келген Әсет Масабаев жұмысын пәтерлердің заңсыз берілгендігін анықтаумен бастаған еді.
Арнайы комиссия құрып, тіпті елдерге баспана алып беремін деп соңында сотталған Дина Ысқақованы да сол комиссияның мүшелігіне кіргізіпті. Себебі, 4 жыл бұрын сотталып, қазір бостандыққа шыққан Дина Ысқақова пәтерге қатысты шенеуніктердің түрлі әрекеттерін білетінге ұқсайды. Ал жалпы қалада 16 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр. Олардың ішінде де кезек алдыға емес, керісінше артқа жылжып жатыр деп шағымданғандар аз емес.