Елордалық келіншек ұлттық компанияда істейтін бұрынғы күйеуінің алаяқтық жасағанын айтты
Әділдік іздеген әйел Қазақстанда құжаттың әзірленген уақытын анықтайтын сараптама жоқтығына налыды
Елордалық Диана Айдарова есімді тұрғын Halyq Uni редакциясынан көмек сұрап келді. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі мен достары қолхаттың көмегімен келіншектің мойнына 25 млн теңге қарыз «іліп» берген. Ал сот органдары бұрынғы күйеуінің әрекетін заңды деп таныған.
«БАРМАҒАН ЖЕРІМ ЖОҚ»
12 жыл бірге тұрған ерлі-зайыптылар ажырасқан уақытта ортақ мүлікті бөліске салған. Сот несиеге алынған екі бөлмелі пәтерді екеуіне теңдей бөліп береді. Ол пәтерде Диана мен екі баласы қалған.
«Бәрі күйеуімнің басқа әйелге кеткенінен басталды. Ажырасу кезінде өзіміз тұрып жатқан пәтерді бөлістік. Ың-шыңсыз ажырастық. Ажырасқанға дейін 2019 жылы біз елордада салынып жатқан тұрғын үй кешенінен (паркинг, қоймасымен бірге) төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Ол пәтер менің атыма рәсімделді. Ажырасқаннан кейін 2,5 ай өткен кезде маған соттан хабарласып, бізді сотқа бергенін айтты. Неге десем, «күйеуіңіз сізбен бірге тұрғанда екі досынан 50 млн теңге қарыз алып, бір жылдан бері қайтармай қойған» деп айтты. Әлбетте, мен ол жаңалықты естігенде есімнен танып қала жаздадым», - дейді келіншек.
фото: Диана Айдарова
Айтуынша, төрт бөлмелі пәтерді сатып алуға ақшаны ешкімнен ондай сомада қарыз алмаған. Күйеуі Қазақстандағы белгілі ұлттық компанияның бірінде жұмыс істейді. Өз жұмысынан бөлек қосымша жобалармен айналысып, жақсы табыс тауып отырған.
Біз пәтерді оның қосымша табысы мен жылдар бойы жинаған ақшамызға алдық. Тек жетпеген үш млн теңгені менің құрбымнан қарызға алдық. Бұл сөзімді растайтын құжаттар бар, - деп қосты ол.
Бұрынғы күйеуі достарының бірінен 35 млн, екіншісінен 15 млн теңге қарыз алдым деп қолхат жазып берген. Ал қолхатта әйелінің қолы қойылмағандықтан, бірінші сот инстанциясында қарызды алған күйеуі төлеуі керек деп шешім шығарады. Алайда ол шешіммен келіспеген күйеуі аппеляциялық шағым беріп, сот шешімі бойынша қарыз ерлі-зайыптылардың екеуіне теңдей бөлініп беріледі. Осылайша, екі баланың анасы 25 млн теңге төлеуге міндеттелген.
«Мен үшін бұл қомақты қарыз. Қазір сот шешімін орындау үшін менің ісім сот орындаушысына берілді. Сот орындаушысы мені аңдып жүр. Ол қарызды өндіру үшін менің көлігімді сатуға шығармақ болды. Қазір жоқ жерден сот шығындарын төлеп жатырмын. Ал менің бұрынғы күйеуіме қатысты сот атқару ісі тоқтатылған. Оған қарыз берушілердің қоятын кінәсі жоқ екен. Сот орындаушысы менің барлық банктік карталарымды бұғаттап, елден шығуға тыйым салды», - дейді Диана.
Келіншек косметолог болып жұмыс істейді. Ай сайын табатын ақшасы қарызды төлеуге жетпейтінін айтады.
«Әділдік іздеп бармаған жерім жоқ. Президент әкімшілігінен бастап, Нұр Отан, Бас прокуратура, балалар омбудсмені, әйелдер ісі жөніндегі комиссияға шағымдандым. Бірақ бәрінен бір жауап келді. Ешкім ештеңе істей алмайды. Қазір Жоғарғы сотқа кассациялық шағым бердім. Алмаған қарызды неге мен төлеуім керек? Мұның бәрін бірге тұрған кезде сатып алған мүлікті бөліске салмау үшін әдейі істеп отыр», - дейді келіншек.
Белгілі болғандай, Қазақстанда құжаттың әзірленген уақытын анықтайтын сот сараптамасы жасалмайды. Кейіпкеріміздің қорғаушысы Әділет министрлігінің сот сараптамалық орталығына жіберген хатына келген жауапқа сенсек, орталықтың аумақтық бөлімшелерінде сынамалық база, бояғыштар каталогы және мемлекеттік реестрде тіркелген Қазақстандағы сот-сараптамалық зерттеулерінің әдістемесі жоқ. Осыған орай құжаттың мерзімін анықтайтын сараптама жасау мүмкін еместігі туралы жауап келген.
«Қазақстанда ондай сараптама жасалмайды. Ресейде құжаттың мерзімін анықтайтын сараптама орталығын таптық. Бір парағына 35 мыңнан 40 мың рубльге дейін тұрады. Бізде 6 парақ бар. Барлығын қосқанда көп ақша шығады. Қолхаттың жалған екенін анықтау үшін сол соманы тауып төлеуге дайынмын. Алайда сот біздің өтінішімізді қабылдамады. Айтуынша азаматтық іс болғандықтан, шетелдік сараптамаға жүгінудің қажеті жоқ. Сонда мен өзімнің сөзімді қалай дәлелдеуім керек, түсінбеймін», - дейді Айдарова.
Halyq Uni редакциясы Диана Айдарованың бұрынғы күйеуіне хабарласып, аталған мәселеге қатысты пікірін білмек болды. Ол қазір іс сапарда жүргенін және 10 ақпаннан кейін қалаға келген соң жауап беретінін айтты.
ҚОЛХАТ БОЙЫНША ҚАРЫЗДАРДЫҢ 99% ӨНДІРІЛІП АЛЫНАДЫ - ЗАҢГЕР
Заңгер Болат Бегімовтің айтуынша, сот сараптамасын жасау немесе жасамау қажеттілігі туралы шешімді өз қалауына қарай қабылдайды.
«Бірақ істі объективті қарау және талдау үшін, егер тараптардың бірі сотқа қолхаттың әлдеқайда кешірек жасалғанын мәлімдесе, соттың сараптама тағайындағаны дұрыс деп есептеймін. Тіпті, ол сараптама шетелде жасалса да. Себебі тараптардың бірі қолхаттың болмағанын айтып, сараптама жасауға және құнын төлеуге дайын. Іс объективті қаралып, сараптама ол қолхатты растайды, не жоққа шығаратын еді», - дейді заңгер.
Заңгер Қазақстанда ерлі-зайыптылар ажырасу кезінде ортақ мүлікті бөліспес үшін қолхатты пайдаланып, қулыққа жиі баратынын айтып отыр.
«Жиған мүлікті жұбайымен бөліспеу үшін қолхатты пайдаланады. Мысалы, біреуден қарызға ақша алған болып қолхат жазады, мүлікті бөліспеу үшін осындай алаяқтыққа барады. Егер сараптама болса, ол бұл қолхат мысалы екі жыл бұрын емес, одан кейін жазылғанын растап береді. Сонда судьялар әділ шешім шығарар еді. Менің жеке тәжірибемде қолхаттар бойынша қарыздардың 99% өндіріліп алынады. Сот факт болды ма, жоқ па, соны нақтылап жатпайды. Егер борышкер «қарыз алдым» деп жазып, қолын қойып берсе жеткілікті», - деп түйіндеді сөзін заңгер Бейбіт Бегімов.
«ҚАЗАҚСТАНДА САРАПТАМАҒА РҰҚСАТ БАР, БІРАҚ ӘДІСТЕМЕ ЖОҚ»
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, қазір елімізде жасалатын сараптамалардың тізімінде құжаттың мерзімін анықтайтын сараптама жоқ. Алайда Әділет министрлігінің тарапынан заңмен бұл сараптаманы өткізуге ешқандай тыйым салынбаған.
«Егер Қазақстанда мұндай сараптама жоқ болса, оны қалай өткіземіз? Қазақстанның сот сараптама қызметі туралы заңының 60-бабына сәйкес, сот сараптама органдары бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми әдістемелік ақпарат алмасу, сот сарапшыларын даярлау және қайта даярлау және т.б. мақсатында шет мемлекеттердің сот сараптама қызметін жүзеге асыратын органдармен халықаралық байланыс орнатуға құқылы. Яғни, қазіргі таңда Қазақстанның сот сараптама қызметкерлері шетелдің сот сараптама мекемелеріне хабарласып, серіктестік орнатуға және бірлесіп жұмыс істеуіне болады», - деді ол.
Құжаттың (қолхат) мерзімін анықтайтын сараптама Ресейде қолданыста бар.
«Менің ойымша, әділеттікке келу үшін сот тарапынан Ресей сот сараптама мекемелеріне жүгіну қажет. Қарым-қатынас арқылы нақты сараптама жасап, осы сұраққа жауап беріп, әділ шешім шығаруға болады. Бірақ ол әділ шешім шығару үшін ниет бар ма? Егер сот органдары әділ ашық сот шешімін қалайтын болса, ешқандай қиындық жоқ. Яғни, барлығы соттың қолында», - деп қосты Смағұлов.
Аталған сараптама Қазақстанда бұрын болмаған. Себебі құжаттың мерзімін анықтау үшін арнайы әдістеме мен құрал жабдықтар қажет. Бұл екеуі де Қазақстанда жоқ болып шықты. Бірлестік жетекшісі бұл сараптаманы қолданысқа енгізу керек деген пікірде.
«Менің ойымша, осындай сараптаманың болғаны кез келген алаяқтық әрекетті жоюға көмектесер еді. Қолхаттың көмегімен ақша өндіру алаяқтық үшін таптырмас мүмкіндік. Сараптаманың жоғын алаяқтар біледі және жиі пайдаланады. Сондықтан бұл сараптаманы Қазақстанда енгізу керек. Не үшін? Болашақта қолхаттың көмегімен іске асырылатын алаяқтық схемасын болдырмас үшін. Егер ол енгізілсе, қолхаттың көмегімен жазадан құтылып кетіп жатқан жемқорларды жазаға тартуға мүмкіндік туады. Өйткені қазір «мен бұл ақшаны қарызға алдым» деп қолхат көрсетсе, тергеу органдары ешқандай әрекет жасай алмайды», - деді «Әділдік жолы» бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.