Ескі үйді жөндеуге бюджеттен 109 млн теңге жұмсалған
Бұл жолы Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Қалқаман кенті, Степная 4 мекенжайында орналасқан 4 қабатты үй туралы сөз етеміз. Жергілікті әкімдік оның сыртын қаптап, жөндеген болып, 2019 жылы үй кезегінде тұрған әлеуметтің әлсіз топтарына берген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ескі үйдің жағдайы қашып тұрғандықтан кейбірі мұнда тұрудан бас тартып, жер үйге шығып кетіпті.
Қабырғаларын түгел зең басқан. Дәретхана, ваннадағы қабырғаның плита тастары құлап жатыр. Біреулерінде бойлері істемейді. Едені тегістеліп, арнайы қоспа құйылмаған. Бетонның бетіне төсей салған линолеумның астынан еденнің жарылып жатқаны өз алдына, шұрық тесігі де көзге ұрады.
Тұрғындардың жағдайымен айналысып жатқан «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, осы ескі үйді жөндеуге бюджеттің 109 млн теңгесі жұмсалыпты.
Қоныстанушылар – көпбалалы, жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар отбасылар. Үйдің кемшіліктері подъезге кіргеннен басталады. Ең бастысы, пәтер арасындағы қабырғаның жарылғаны емес, оның қозғалып, теңселіп тұрғанына не айтарсыз?!, – дейді бірлестіктің Павлодар облыстық филиалы жетекшісі Нұргүл Қайырденова.
Құлауға жақын тұрған көршімен арадағы қабырғаны алда-жалда ойын баласы итеріп қалса, тұрғындарды басып қалуы мүмкін.
Үйдің іші осындай болып жатқанда астыңғы жертөлесі белшеден суға толған. Кәріз жүйесінің боқтығымен араласқан лас судың исіне төзу мүмкін болмаса да, жұрттың амалдың жоқтығынан төзіп отырған жайы бар.
Бірлестік өкілдері мәселенің мән-жайын білмек боп барса, Қалқаман кентінің әкімі жауапқа жарытпапты. Жағдайды білетінін, бұл мәселе бойынша оған емес, Ақсу қаласының қаржы бөліміне хабарласу керектігін айтып, шығарып салған. Сондықтан белсенді азаматтар облыс басшылығы мен жемқорлықпен күрес қызметтерінен жұрттың ауыр хәлін осылай бей-жай қалдырмауын сұрап отыр.