Тергеу изоляторындағы генерал-майордың өлімі: Прокуратура істі бақылауға алды

Дәурен Ерболат

Мамандар оның нақты неден өлгенін анықтап жатыр

Фото: primeminister.kz

Алматы қаласының прокуратурасы полиция генерал-майоры Жайлаубек Халықұлының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 6 тамызда таңғы сағат 7.15 шамасында Алматы қаласы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторының камерасында Жайлаубек Халықұлының өлі денесінің табылуына байланысты шақырту түсті.

Оқиға орнына барған дәрігерлер бригадасы Жайлаубек Халықұлының өліміне асфиксия себеп болған деген диагноз қойды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның неден өлгенін анықтау үшін кешенді тергеу жүргізіледі. Алматы прокуратурасы тергеу барысын бақылауға алды, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Жайлаубек Халықұлы 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған еді. Ол қылмыстық істі жапқаны үшін ақша мен мүлік алды деген күдікке ілінген болатын.