Нұр-Сұлтандағы балабақшаның бірінде қыз бала көз жұмды
Бұл туралы Ulysmedia.kz сайты жазды. Нұр-Сұлтан қаласындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, балаларына қарамаған әйелді ана құқығынан айырып, одан алимент өндіру мәселесін қарады.
Әйелдің екі баласы бар. Кенже қызын рұқсат құжаты жоқ жеке балабақшаға тәулік бойы қарауға берген. Балабақша үйде орналасқан. Өзі балабақшаның ақысын төлемеген. Бір ай бойы қызына бармаған. Ал үлкен қызы әжесінің қамқорлығында болған. Осылайша әйел балаларының тәрбиесімен мүлде айналыспапты.
Биыл сәуірде кіші қызы жеке балабақшада көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Бала түрлі дене жарақатын алған.
Соттың шешімімен астаналық әйел үлкен қызына қатысты ата-ана құқығынан шектелді. Ал бала Нұр-Сұлтан қалалық білім бөліміне берілді.