Halyq Uni логотип
×

Қазақстанның үздік және осал университеттерінің тізімі жарияланды

Жоғары оқу орындарының 2021 жылғы рейтингі қорытындыланды

 Қымбат Елтайқызы 02.02.2022 | 15:49
Қазақстанның үздік және осал университеттерінің тізімі жарияланды
фото: Halyq Uni

Білім және ғылым министрлігі 2021 жылғы ЖОО рейтингінің қорытындысын шығарды. Басты мақсат – сапалы білім алуға барынша жағдай жасалған жоғары оқу орындарының тізімін ұсыну.

Зерттеу көрсеткендей, жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігіне қанағаттану көрсеткіші едәуір артқан. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш + 28 пайызды құрады.

Рейтинг көрсеткендей, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 85%-ы жұмыс берушілермен келісілген. Бағдарламалардың 88%-ы танылған аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтті.

Жұмысқа орналасқан түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артып отыр. Осылайша, 2021 жылы жұмыспен қамту орташа есеппен 77% құрады, – дейді БҒМ.

Практикаға бағдарланған мамандықтар үшін оқу процесіне практикалық тәжірибесі бар оқытушыларды тарту бойынша оң үрдіс байқалады. Практик-оқытушылардың саны 75%-ға дейін артты. Есте болса, бұған дейін БҒМ отандық жоғары оқу орындарына штаттық қызметкерлер емес және ғылыми дәрежесі жоқ практик-мамандарды жұмысқа шақыру бойынша заңнамаға өзгерістер енгізген болатын.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу тәжірибесі бойынша да жақсы көрсеткіштер бар. Оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарында түлектердің 55%-ы білім алып жатыр.

Білім беру жүйесін цифрландыру көрсеткіштері бойынша да айтарлықтай оң өзгерістер байқалып отыр. Жоғары оқу орындарының 90%-ында электронды кітапханалар бар, 87%-ы плагиатқа қарсы жүйені, 81%-ы прокторинг жүйесін енгізді.

РЕЙТИНГ-2021 ҚОРЫТЫНДЫСЫ:

  • «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» бағыты бойынша жетекші орынды С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ЖОО иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы аутсайдерлер қатарында.
  • Заң саласы бойынша Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті дәстүрлі түрде көш бастап келеді.
  • «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдыңғы орында тұр. Ал Шымкент қаласындағы А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, «Сырдария» университеті төменгі орында тұр.
  • «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша ХАТУ, ал «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бойынша - М. Қозыбаев атындағы СҚУ алдыңғы орында тұр. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» сияқты үш бағыт бойынша Торайғыров университеті көш бастап келеді.
  • Еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы жалпы рейтингте Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Торайғыров университеті, Қазақстан-Неміс университеті үздік атанды.
  • Бейінді ЖОО-лар арасында Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті үздік болды.
  • Сондай-ақ Қазақстан-Британ университеті, Нархоз университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, КИМЭП университеті сияқты жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда тұр.
  • Келесі жоғары оқу орындары әдеттегідей аутсайдерлер қатарында: академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Орталық Азия инновациялық университеті, Сырдария университеті, Шымкент университеті.

Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыс атқармаған жоғары оқу орындары аутсайдерлер қатарына қосылғанын көрсетіп отыр. Әдетте бұл университеттер білім беру бағдарламаларына инвестиция аз бөледі, практик-оқытушыларды аз жұмылдырады және жыл сайын ҰБТ/КТ-да төмен балл жинаған абитуриенттерді оқуға қабылдайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама