«СҚ-Фармация» басшысының жалақысы 650 мың теңгеге өскен
Компания Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды
«СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айына қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Осыған дейін де мен бұл сұраққа жауап бергенмін. Қазір айына 1 млн 404 мың теңге көлемінде жалақы аламын, - деді компания басшысы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ерхат Есқалиев «СҚ-Фармация» компаниясына басқарма төрағасы қызметіне 2020 жылғы шілдеде тағайындалған болатын. Сол кезде ол жалақысы 700 мың теңгеден асатынын айтқан.
Жалақым 750 мың теңгеден басталады. Алайда жұмысқа кіріскеніме бір ай болған жоқ. Сондықтан жалақымның деңгейін келесі кеңесте бекітуіміз керек, – деген еді сонда басқарма төрағасы.
Демек, Ерхат Есқалиев жалақысының 2 жылда 650 мың теңгеге өскенін байқауға болады.