Ол жәбірленушіден 4 млн теңге көлемінде ақша ұрлап кеткен
Түркістандық полицейлер Сарыағаш ауданының тұрғынын пышақпен қорқытып, тонап кеткен қарақшыны елордадан ұстады, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келді. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені анықталды.
Күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен төрт миллион теңгеден асты, – делінген хабарламада
Криминалдық полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктіні анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласынан ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Тінту кезінде жас жігіттен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да айғақты заттар тәркіленді.
Қазір аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) мен 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті қамауға алынды. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.