«Ол – адам емес, жай пешка»: Қайсаровты сайлаудан Мырзатай Жолдасбеков сүріндіріпті
Осы орайда журналист одан «Мырзатай Жолдасбековке өкпеңіз бар ма?» деп сұрады
Белгілі экономист, саясаткер Уәлихан Қайсаров «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында өзіне қарсы жасалған саяси тапсырыс туралы шындықты ашты.
Айта кетсек, ол 2005 жылы болған президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркеліп, Мырзатай Жолдасбеков төрағалық еткен лингвистикалық комиссияның емтиханынан сүрінген болатын. Сол кезде комиссия оның жұмысынан 28 қате тапқанын жария еткен-ді.
«Жоғарғы сот 28 қатенің екеуін ғана мойындады. Ол саяси тапсырыс болды… Лингвистік комиссияда отырғанда Мырзатай Жолдасбеков «Алдын-ала келіп, ақыл сұрамайсың ба менен?! Емтиханнан қалай өтуге болатынын айтар едім» деді. Комиссияда 7 кісі отырды. «Ғайни Қасымовты комиссиядан өткізгеннен кейін сізден қандай ақыл сұраймын?» дедім», - дейді саясаткер.
Айтуынша, оның сол жауабынан ғалымның өзі тосылып қалған. Осы орайда журналист одан «Мырзатай Жолдасбековке өкпеңіз бар ма?» деп сұрады.
70 жыл қасықтап жинаған абыройыңызды шелектеп төгіп тастадыңыз дедім. Комиссияның көзінше айттым. Құдай өзі баға берер, қоғам баға берер. Ешқандай өкпем жоқ. Мен үшін ол – адам емес, жай пешка. Назарбаевтың қолындағы пешка, - деп жауабын қысқа қайырды Уәлихан Қайсаров.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.