«Мектеп киімдері қымбат, әр балаға 100 мың теңге кетеді» - ел тұрғындары
Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды...
Елорда тұрғыны Сәмен Асхат- 3 баланың әкесі. Жылда 2 баланы мектепке дайындап жүрсе, биыл оған кенжесі қосылды, 1 сыныпқа барады.«Мектеп киімдері қымбат» дейді ол.
«Әр балаға кем дегенде 100 мыңдай теңге дайындау керек. Киімдер өте қымбат. 1- классқа баратын ұлымның формасының өзі тройка дейміз ғой: шалбары, жакеті бар, костюмы бар, рубашкасы бар соның өзі 40 мыңнан асады. Аяқ киімнің өзін жаңа 20 мың теңгеге алдық. Амал жоқ аламыз», - дейді Елорда тұрғыны Сәмен Асхат.
Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды Қырғыз, Қытай Туркиядан алдырамыз деген олар, отандық өндірістегі мектеп формаларының көтерме бағасының өзі қалтаға ауыр тиеді дейді.
«Оптовый бағасының өзі 12-13 мың деген ол сосын біз оны қаншадан сатамыз? Ол қол жетімді баға болу керек кішкене», - дейді кәсіпкер Сағадат Көмекбаева.
Мектеп формасы былтырғымен салыстырғанда 25-30 процентке қымбаттаған. Қазір базарда юбканың құны 3,5 мың мен 8 мың теңге аралығында, ақ көйлек 3600 теңгеден 12 мың теңгеге дейін барады. Шалбардың арзаны 4 мыңға бағаланса, сапасы жақсысы 12 мыңнан асып жығылады. Қыздардың сарафан көйлектерінің сапалысы 22 мың теңге, ер балалардың үшеулік костюм-шалбары 25 мың теңге тұрады.
«Ең қымбаты Турецкий мен Пекин болып табылады. Бішкек қолжетімді. Бірақ соның өзінде былтырғы бағамен салыстырмалы түрде 25-30 пайызға өскен бағалары. Қымбат бағасы», - дейді кәсіпкер Сағадат Көмекбаева.
Оқу-ағарту министрілігі ата-ананың қалтасына ауыртпалық түсірмейміз деп барлық мектепке бірыңғай қою көк түсті мектеп формасын енгізбекші.
«Алдымыздағы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізілмейді. Және бұрынғы оқу жылындағыдай мектеп формасына қойылатын талаптар министрліктің 26 бұйрығына сәйкес сақталуда»,- дейді Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.
Ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алу ұсынылуда. Сатып алатын өндіруші мен сауда орталығын ата-аналар өздері таңдайды. Бұл әзірге тиісті мемлекеттік органдармен, ата-аналар қауымдастығымен талқылануда.
Дереккөз: Астана телеарнасы