Басынан дау арылмаған Назарбаев мектептерінде форма мен таңғы ас берілмейтін болды
Назарбаев зияткерлік мектептерінің қазіргі шығындары 40 миллиард теңгеден асып отыр
Келесі оқу жылынан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінде күнделікті және спорттық форма, сондай-ақ таңғы ас берілмейді. Бұл туралы «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымының басшысы Күләш Шәмшидинова мәлімдеді.
Айта кетсек, бұл мектептерде оқушыларға күнделікті форма ғана емес, спорттық форма да беріліп келді. Оған қоса, таңғы және түскі ас бар. Сосын кешкі асқа дейін тағы жүрек жалғап алуға болады.
Келесі жылдан бастап мектеп формасын және спорттық форманы бермейміз. Таңғы асты да алып тастаймыз. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар үшін осы жеңілдікті сақтап қалуға тырысамыз, - деп отыр Шәмшидинова.
Оның айтуынша, биыл балаларды оқыту үшін республикалық бюджеттен 35 миллиард 442 миллион 750 мың теңге бөлінген. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінің қазіргі шығындары 40 миллиард теңгеден асып отыр.
«Сонда 4 миллиард жетпей тұр. Бұның бәрі – мұғалімдердің жалақысы. Себебі барлық ақшаның 85 пайызы жалақыға жұмсалады. Ал қалған 15 пайызы – мектептің коммуналдық және тағы басқа шығындары. Қазір жанымыз шығып, демеушілердің есебінен күн батареяларын қойып жатырмыз. Осының арқасында жазда энергияны 30 пайызға дейін жақсы үнемдеуге болады», - дейді Күләш Шәмшидинова.