Halyq Uni логотип
×

Назарбаев мектебіндегі дау: экс-министр ата-аналарға қолын бір сілтеп кетіп қалды

Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ата-аналармен тіл табыса алмады

 Наима Нұрәлі 04.08.2022 | 16:42

Елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде тіл мәселесіне қатысты тағы дау шықты. Бір топ ата-ана «қазақ балаларына аз грант бөлінді, балаларымыз орыс тілін таңдағанда оқуға түсіп кетер еді» деп ашынады. Жоғары балмен балалары НЗМ бакалавриатына іліге алмағанына ашынған ата-аналар «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесіп, талаптарын айтты. Алайда экс-министр кездесу барысында ата-аналардың сөзін соңына дейін тыңдамай, қолын бір сілтеп кетіп қалды.

«Қаражат жетпейді дейді. Қайда бөлінген ақша? Директор бізбен дұрыс тілдеспей, қашып кетті. Қазақ сыныптарына келгенде қаржы неге жетпей қалады? Орыс тіліне бөлінеді, ал қазақ тіліне бөлінбейді. Не сұмдық?! Реттей алмаса, не істеп отыр? Жұмыстан кетсін. Ақша төлесе, орын табылады дейді. 4 млн теңге берсек, оқуға қабылдамақшы. Не сұмдық?», - деді Ғани Тасмағамбетов есімді тұрғын.

«ҚАЗАҚ СЫНЫБЫН ЖАПТЫ, АТАДАН ҚАЛҒАН ТІЛ ОРЫС ТІЛІ МЕ?»

Тағы бір оқушының анасы - Гүлдана Тасмағамбетованың айтуынша, бұған дейін аталмыш білім ордасы санитарлық талаптар бойынша 25 баланы мектепке қабылдаудан бас тартқан. Ал бүгінгі әңгімесі бөлек.

«936 бала қазақ тілінде үміткер болды. 734 бала орыс тілін таңдаған. Ал бұл басқарма 1 қазақ сыныбын қысқартып тастапты. Бір қазақ сыныбы жабылып қалып отыр ғой. Биыл Балалар жылы еді ғой. Балалар жылында еліміздің ең дарынды 25 баласы білімнен қағылып отыр. 1200 ұпаймен далада қалып отырмыз. Өйткені биыл 1-сыныпты жауып тастауды ұйғарыпты. Балалар жылы құр науқаншылдықпен өтуге тиіс пе? Неге орыс тілі мен қазақ тілі пара-пар жүр? Неге 50/50 грант беріледі? Жоғарыдағылардан жауап күтеміз. Атадан қалған орыс тілі ме?», - дейді Г.Тасмағамбетова.

Үш баланың анасы Айжан Төлегетай «Қытайдан балам қазақша оқысыншы деп көштік, алайда Қазақстанға келіп қазақша сөйлегеніміз үшін теперіш көріп келеміз» деп ашынды.

Баламды ауладағы балалар қазақша сөйлегені үшін шеттететінін айтады. Мен де орысша білмеймін. Қазақстанда орысша білмегенім үшін сорладым. Балам Назарбаев мектебіне тапсырды. Ең жоғары бал жинады. Орысшаға шорқақтау. Соның кесіренен оқуға түспей қалды. Қытайда қаншама халық бар, талап біреу – қытайша сөйлеу. Біз әлі орыс тілінен ары аса алмай отырмыз, - дейді А.Төлегетай.

Ата-аналардың бар үміті «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновада еді. Алайда ол кісі «сынып ашылмайды, қаражат жоқ» дегеннен асып мардымды жауап бермеді. Одан бөлек, тіл мәселесіне қатысты ата-аналардың сөзіне құлақ асқан жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама