Он бала өсіріп отырған отбасы ай сайын мемлекеттен 127 200 теңге және анасы ерекше марапаты үшін 20 352 теңге алады
Қазақстанда 10 және одан да көп баласы үшін жәрдемақы алатын 100 отбасы бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Halyq Uni ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.
10 және одан көп баласы үшін жәрдемақы алатын отбасының басым бөлігі Түркістан, Павлодар облысы және Шымкент қаласында тұрады.
Еңбек министрлігінің хабарлауынша, Түркістан облысында – 14, Шымкент қаласында – 10, Павлодар облысында 9 отбасы 10-15 баласы үшін жәрдемақы алып отыр. Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысында мұндай 8 отбасыдан бар. Ақтөбе облысында – 7, Маңғыстау облысында – 5, Қызылорда және Атырау облысында 4 отбасы оннан көп бала тәрбиелеп отыр.
Ал Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында мұндай үш отбасыдан бар. Алматы қаласында бір отбасы оннан көп бала үшін жәрдемақы алады.
Республика бойынша бір отбасы ғана 16 және одан көп бала үшін жәрдемақы алады. Отбасы Қостанай облысында тұрады.
ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға сәйкес, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыға жәрдемақы отбасының табысына қарамастан, белгіленген мөлшерде төленеді. 2022 жылы бекітілген жәрдемақы мөлшері:
Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 20 352 теңге төленеді. Бұл жағдайда әйелдің табысы ескерілмейді және зейнетке шыққаннан кейін де төленеді.
Демек, елімізде 10 бала тәрбиелеп отырған отбасы ай сайын мемлекеттен 127 200 теңге және анасы ерекше марапаты үшін 20 352 теңге алады.
Еңбек министрлігі елімізде отбасыларды қолдаудың кешенді моделі жасалып, жұмыспен қамту шаралары қарастырылғанын айтады. Алайда бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақы және көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыдан басқа республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеген.
Ал әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен көпбалалы отбасыға атаулы және мереке күндері әлеуметтік көмек көрсете алады. Оның мөлшерін жергілікті мәслихат бекітеді.