Көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан 2 полицей қамауға алынды
Мемлекетке 320 млн теңгеден астам залал келтірілді
Шымкентте шет елден әкелінген 50-ден аса көлікті заңсыз тіркеудің жолы кесілді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Шымкент қаласындағы ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері қылмыстық схеманы арнайы операция барысында анықтады. Тексеру нәтижесінде таяу шет мемлекеттерден әкелінген көліктер кедендік төлемдер, утильалым және мемлекеттік баждар төленбестен, Қазақстан Респбликасында тіркеуге қойылып келгені анықталды.
Қалалық ПД процессинг орталығының екі қызметкері сот санкциясымен қамауға алынды. Шымкентте осы схема бойынша Қазақстанда есепке қойылған 53 автокөлік бойынша ғана мемлекетке 320 млн теңгеден аса залал келтірілді, – делінген хабарламада.
Қазір ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті осыған ұқсас фактілер бойынша 7 өңірде қылмыстық істерді тергеп жатыр. Соңғы үш жылда 2 мыңнан аса көлік заңсыз есепке қойылған. Мемлекетке 10 млрд теңгеден аса шығын келтірілді.