×

«Малға сарай салып бергендей». Теріскейге көшкен қазақстандықтар баспана сапасына шағымданып жатыр

Отбасыларды оңтүстіктен солтүстікке көшіруге мемлекет бюджетінен бес жылда 2 млрд теңгедей қаржы жұмсалды

 Айнұр Шошаева 02.02.2022 | 12:00
скриншот: видео

Солтүстік Қазақстанға көшіп келген оңтүстік өңірдің тұрғындары мемлекеттік бағдарлама шеңберінде әкімдік берген тұрғын үйдің сапасына қатысты шағым айтты. Тұрғындардың айтуынша, құны 7 млн теңгені құрайтын баспанада тұру мүмкін емес. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлайды.

Тұрғындар жергілікті әкімдік берген үйлердің сапасына шағымданды. Айтуынша, жаңа баспаналардың қабырғалары сыз тартып, көгеріп кеткен. Сол себепті қыста үйді жылыту қиынға соғып отыр. 

Үйлердің үстінен су ағып, көгеріп кетіп жатыр ғой. Ешқандай сапа жоқ. Малға сарай салып бергендей, салып берген ғой. Жылымайды, от жақсаң, қазандықтағы су қайнап кетеді. Көршілер де мәз болып жатқан жоқ. Бәрі кетіп қалып жатыр ғой, - деді өңірге қоныс аударған Болат Көжеков. 

Жергілікті тұрғындар сапасыз үйдің салдарынан балалар жиі ауырып, тіпті, кейбір қоныстанушылар келген жағына көшіп кеткенін айтып отыр. Қоныстанушыларға арналған баспана құны – 7 миллион теңге. 

«Бірінші іргелері, едендері дымдана бастады. Кейін бұрышқа көтерілді. Бұрыштан қабырғаға жайыла бастады. Балалар қайта-қайта тұмауратып қалады. Менің ойымша мынаның материалын қысқартқан ғой. Әрі кетсе 4 миллион кеткен. Іргетасының төбесіне дейін дұрыс істелмеген», - деп шағымданды тағы бір тұрғын Дүйсебай Құсманұлы. 

Қазақстанда тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру жобасы 2016 жылдан бері жүзеге асып жатыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл өңірге 773 отбасы көшіріледі деп жоспарланған. Бұл – шамамен 2556 адам. Сондай-ақ бес жылда түрлі жағдайға байланысты қоныстанғандардың 600 жуығы оңтүстікке кері көшіп кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама