Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Қарағандыда 27 жастағы ер адам қаладағы сауда үйлерінің бірінен 5 темір арба ұрлаған. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 11 шілде күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне қаладағы сауда үйлерінің бірінің басшылығынан арыз түсті. Жәбірленуші арызында белгісіз біреу сауда үйіне тиесілі 5 темір арбаны ұрлап кеткені туралы көрсеткен. Оларға келтірілген шығын көлемі 42 мың теңгені құраған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері сауда үйлерінде орналасқан бейнебақылау камераларына тексеріс жұмыстарын жүргізді. Ондағы жазбаларды қарау барысында бірінен кейін бірін ұрлауға ыңғайлы жерге қойып жатқан азаматтың бейнежазбасы анықталды. Сол бейнежазба арқылы күдіктінің кескіні дайындалды. Жедел әрекеттер жүргізу барысында қаладағы металл өнімдерін қабылдайтын орындарға тексеріс жүргізіліп, олардың бірінде бірер күн бұрын күдіктіні көргендер анықталды, – делінген хабарлады.
20 шілде күні криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 27 жастағы азамат анықталып, ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.