Алматы көшелерінің шаңын басуға тәулігіне 5 мың текше метр су кетеді
Су жолдарға негізінен түнде немесе таңертең себіледі
Алматы қаласының жолдары мен тротуарларына себу үшін тәулігіне 5 мың текше метр су кетеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, су жолдарға негізінен түнде немесе таңертең себіледі. Бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейді және автокөлік дөңгелектерінен қоқыстың таралуын азайтады. Қала көшелерінде күн сайын 866 арнайы техникамен 1413 жол жұмысшысы 2318 көшені немесе 2706 км жолды сыпырып, тазалайды.
Сонымен бірге күн сайын 90 тонна қоқыс шығарылып, 1167 км арықтарды 60 бірлік арнайы техника мен 300 жол жұмысшысы тазалайтыны белгілі болды.
Мен бұл жұмысты қала тұрғындары мен қонақтары бағалағанын қалаймын. Көшелерде қамтамасыз етілетін тәртіп пен тазалық қала тұрғындарының өздерінен ұқыпты қарым – қатынасты талап етеді, – деп мәлімдеді коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Дулат Ашкенов.
Салыстыру үшін олимпиадалық бассейн 2500 текше метр немесе 2 500 000 литр суды сыйғыза алады.