Алматыдағы құдаларына келген ДДСҰ басшысы ет жеп қайтты
Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанға бейресми сапармен келді
Бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Адан Гебрейесустың құда екені белгілі болды. ДДСҰ басшысы Жүрсін Ерманды қазақ тілінде 70 жас мерейтойымен құттықтап, құдасына видео арқылы сәлем жолдады.
Кейінірек, Тедрос Гебрейесустің атақты балуан Дәулет Тұрлыхановпен бауыздау құда екені айтылды. ДДСҰ басшысының ұлы Дәулет Тұрлыхановтың қызына үйленген. Ал, Дәулет Тұрлыханов – Жүрсін Ерманның күйеу баласы.
Әлеуметтік желіде ДДСҰ басшысы Алматыға қонаққа келіп, құдаларының дастарханында отырған видеосы тарады. Видеода Тедрос Гебрейесус пен оның жарына құрмет көрсетіліп, олардың ет (қазақтың ұлттық тағамы) жеп отырғаны байқалады.
Ақын Жүрсін Ерман ДДСҰ басшысымен құда екенін растады. Оның Айдана деген жиен немересі бар. Айдана осыдан бес жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебреисустың үлкен ұлына тұрмысқа шыққан.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстанға бейресми сапармен келді. ДДСҰ басшысы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен бірге Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесіп, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне барды.
Университет баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тедрос Гебрейесус ҚазҰМУ музейінде университет тарихымен танысты. Университет ректоры Марат Шоранов мәртебелі қонаққа Қазақстандағы ең көне медициналық университеттің денсаулық сақтау саласын дамытуға және коронавирус пандемиямен күресуге қосқан үлесі туралы айтып берді.
Одан бөлек, ДДСҰ бас директоры университеттің құрметті қонақтары кітабына естелік жазба қалдырып, қазақстандық ғылым мен медицинаның жетекші қайраткерлері – ҚазҰМУ профессорларымен кездесті, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың дамуы туралы сұрақтарға жауап берді.
«Бүгінде Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Еліміздің барлық азаматтарына сапалы және қолжетімді медициналық көмек қолжетімді. Бізде 2025 жылға дейінгі «Ұлт денсаулығы» ұлттық жобасы бар. Аталған ұлттық жобаның барлық негізгі бағыттары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық және өңірлік деңгейдегі негізгі стратегиялық құжаттарының басымдықтарымен сәйкес келеді», - деді Ажар Ғиният.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДСҰ басшысына Қазақстанның жетекші медициналық университетіне келгені үшін алғысын білдірді.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры лауазымына екінші мерзімге сайлануыңызбен құттықтаймыз. Пандемияның алғашқы күндерінен бастап ДДСҰ мүше мемлекеттерге қолдау көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы сізбен онлайн кездесуінде және ДДСҰ ассамблеясында сөйлеген сөзінде пандемия кезінде Қазақстанға көрсеткен көмегіңізді жоғары бағалайтынын айтқан. Ол кезде мен денсаулық сақтау вице-министрі болып жұмыс істедім, сізге және сіздің ұжымға алғысымды қабыл алыңыздар», - деді ҚазҰМУ ректоры.