Halyq Uni логотип
×

Оралда балабақша жоспарланған жерлерді үй салуға берген

Жергілікті шенеуніктердің жауабы бір-бірін жоққа шығарып отыр

 Халық үні 02.02.2022 | 09:45
Оралда балабақша жоспарланған жерлерді үй салуға берген
коллаж: Halyq Uni

Орал қаласының бас жоспары мен қазіргі құрылысының картасы Мөңкеұлы көшесіне келгенде сәйкес келмей тұр. «Орал даму үстінде» деген геоақпараттық порталда балабақша салынуға тиіс жерге 9 қабатты 208 пәтерлік үй «пайда болған». Бұл жайлы ешқандай қоғамдық талқылау өтпеген.

Оралдың 57 мыңға жуық тұрғыны бар Зачаганск деген бөлігі бар. 13 шағынауданы бар кенттің тұрғындары жыл сайын шамамен 5 пайызға көбейіп келеді. Сол кенттегі Мөңкеұлы көшесінің тұрғындары қаланың бас жоспарындағы балабақша құрылысының мәселесін қайта-қайта көтеріп жүр. Оларға жергілікті билік әртүрлі жауап беріп, әрі-сәрі күйге түсіруде. Мәселені басынан бастап тарқатып айтсақ...

Зачагансктегі Мөңкеұлы көшесіндегі 105/1 үйдің тұрғыны Айнұр Жомартова – бала күтімімен үйде отырған ана. Жас отбасы қаланың бас жоспарынан зәулім балабақшаны көргеннен кейін дәл соның жанындағы үйден пәтер алған. Балабақша салынса, мекеме ғимараты терезесінен көрініп тұрады екен. Мектеп те қашық емес.

Жас отбасы геоақпараттық порталдағы картадан балабақшаның ғайып болғанын көріп облыс және қала әкіміне, депутаттарға хат жолдаған. Дегенмен, олардың Facebook желісі арқылы жариялаған хатына екі ай бойы ешкім жауап бермеген.

Облыс әкімінің қабылдауына жазылғысы келген Айнұрға әкіммен жүздесу үшін шамамен екі ай күтуі керегін айтып, әкімінің құрылысқа жауапты орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің қабылдауына тіркеген.

«Қабылдау ZOOM арқылы өтті. Оған бас жоспардың қазіргі құрылыс картасымен сәйкес келмейтінін, тұрғындарға балабақша керегін жеткіздім. Ол: «Сұрақ өте жақсы, тіпті қылмыстық жағдай болуы мүмкін. Сұрағыңызға жауап береміз» деді. Мен «жауабыңызды БАҚ арқылы беріңіз» дегенімде, жеке өзіме жауап беретінін айтты. Екі аптадан бері ешбір жауап жоқ. Әкімдікке қоңырау шалып Меңдіғалиевтен жауап алмағанымды айттым. Телефон көтерген маман хаттаманы қарап, онда «қабылдауда бірден жауап берілді» деп жазылғанын айтты. Менде қабылдаудың видеожазбасы да бар. Меңдіғалиев қабылдауында мәселеге қалалық бөлімдерден – архитектура, ТҮКШ-тен ешкім араласпағанына реніш білдірген еді. Осы қабылдаудан бір күн бұрын әкімдіктен хабарласып, қоятын сұрағымды алдын ала сұрап алған болатын. Мен қабылдауға дейін дайындалып, толық жауап беріледі деп күткенмін», - дейді Айнұр Жомартова.

Одан кейін Айнұрдың Facebook желісіндегі жазбасына Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кенесары Нұрша «сіздің сауалыңызды көрмей қалыппыз. Әлі де маңызды болса, анықтап, жауап береміз» деп жазған.

Бірнеше күннен соң партиядан қыз бала хабарласып, менің атымнан электронды өтініш құрды. 1414 нөмірінен өтінішім қабылданғаны жөнінде смс-хабарлама келді. Сауалым білім бөліміне бағытталып жіберілген, - дейді үміті үзіле бастаған тұрғын.

2021 жылдың 9 желтоқсан күні облыстық білім басқармасы ZOOM бағдарламасы арқылы қабылдау өткізеді. Оған аталған басқарма басшысының орынбасары З.Гумарова қатысып, комиссия төрайымы болып бекітілген. Онлайн тыңдауда Айнұр Жомартова Мөңкеұлы 113/1, Мөңкеұлы 105, Мөңкеұлы 105/1 және Мөңкеұлы 107/1 үйлерінің арасындағы жер учаскесіне жоспарланған балабақша құрылысы жайлы сұраған. Жиынға қатысқан, хаттамада комиссия мүшесі деп көрсетілген Орал қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің маманы А.Хайрлиев Орал қаласының бас жоспары бойынша бұл жерде 9 қабатты үй салынатынын, оның бір подъезі (кіреберіс) ғана балабақшаға берілетінін айтқаны хаттамаға енгізілген. Алайда, онлайн жиналыста ол нақты жауап бере алмады, жағдайдан хабарсыз отырғандай көрінді. Жиналыстың бейнежазбасы бар. Ал З.Гумарова білім басқармасы СПК «Aqjaiyq»-пен бірлесіп, балабақша құрылысын жүргізетін инвесторлар іздеп жатқанын айтады. Жер учаскесін бөлу мен оның мақсатын айқындау Орал қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің құзыретінде екенін жеткізген.

Картадан жоғалып кеткен балабақшаны іздеген тұрғын Айнұр Жомартоваға облыстық білім басқармасы басшысының тағы бір орынбасары С.Темірғалиева жазбаша жауап та берген. Онда: «Орал қаласының бас жоспарына сәйкес 9 қабатты тұрғын үй жоспарланған. Оның бір подъезі ғана мектепке дейінгі ұйым ашуға бөлінген. Басқарма балабақша құрылысына инвестор іздеуде» делінген.

Ал Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Түстікбай 2021 жылдың 22 желтоқсаны күні шағынаудан тұрғындарының ұжымдық хатына былай деп жауап берген:

«Сіздердің Мөңкеұлы 113/1, Мөңкеұлы 105, Мөңкеұлы 105/1 және Мөңкеұлы 107/1 үйлері аумағында балабақша құрылысы жөнінде облыс әкіміне ұжымдық хаттарыңызға төмендегідей жауап береміз:

Орал қаласы әкімі 20.11.2020 жылы №2294 қаулысымен бекіткен «Орал-Саратов және Орал-Атырау тас жолдары арасы» ТЖЖ-ға сәйкес Мөңкеұлы 113/1, 105/1, 105, 107/1 үйлерінің аумағында балабақша құрылысы қарастырылған.  Құрылыс қашан басталатыны, қай жақтан қаржыландырылатыны әзірге белгісіз, ТЖЖ (ПДП) іске асырыла бастағанда анықталады. Аталған шешіммен келіспесеңіздер сотқа шағымдануға құқылысыздар».

Біз де өз атымыздан облыстық білім басқармасына тұрғындардың мәселесі бойынша журналистік сауал жолдадық. Бізге берген жауапта басқарманың бөлім басшысы А.Темірханова: «БҚО   әкімдігі     білім   басқармасының Орал қаласының білім  беру бөлімі  Сіздің  арызыңызда көрсетілген мәселелер бойынша жауап ұсынады: Мемлекет тарапынан 2025 жылға дейін мемлекеттік балабақша салуға бюджеттік жоспарда қаржы қарастырылмағандықтан, мемлекеттік балабақшалар құрылысы салынбайтындығын мәлімдейді. Алайда, Орал қаласы Мөңкеұлы көшесінің 85/3 мекен жайынан 8 топтық 180 орынға есептелінген жеке балабақша салынған. Балабақша материалдық-техникалық базамен толық қамтылған, балабақшаның заңды құжаттары толық рәсімделгеннен кейін бала қабылдайтындығын хабарлайды».

Балабақша жоғарыда айтылған үйлердің маңынан ғана «жоғалып кетпеген». Мөңкеұлы көшесіндегі 81/1 және 83 үйлерінің маңында да үлкен жер учаскесі бос тұрды. Жазда құрылыс басталды. Бас жоспарға қарасақ ортақ қалалық үлгідегі балабақша болуға тиіс еді. Қазір 5 қабатты үй салынып жатыр (!).

«Облыс әкімінің орынбасарымен кездесерде 83 үй маңындағы құрылыс басына барып, жұмысшылармен тілдескенде олар маған бір подъездің бірінші қабаты балабақшаға берілетінін айтты. Нысан паспорты ілінбеген. Тұтас балабақша бой көтеруге тиіс жерге үй салынып, қалай оның бір кіреберісі ғана балабақшаға беріледі? Мен қабылдауда әкімнің орынбасары Меңдіғалиевке ол жерде әлі іргетасы құйылып жатқанын, жағдайды реттеуге әлі кеш емесін айтып, мәселеге араласуды сұрадым. Жергілікті билік бұған жауап беруі керек» дейді Айнұр Жомартова.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында балабақша кезегінде 9598 бала тұр. Кезегін күткен балалардың 6302-і, яғни 66% Орал қаласында.

Мөңкеұлы көшесінде көп қабатты тұрғын үйлер көбейіп, ел аузында «Мөңкеұлы шағынауданына» айналды. Онда балабақша мәселесі өте өзекті, орын мүлдем жетіспейді.

Бұл аудандағы балабақшалар толық. «Заңғар» балабақшасынан екі жылдан бері күтіп келеміз, онда көп орынды жеңілдікке ие адамдар алады. Алыстағы балабақшаға беруге мәжбүрміз, таңғы және кешкі қарбалас сәтте жету өте қиын. Әсіресе, кішкентай балалар адам лық толы автобустарда қиналады. Балабақшаға арналған жерді үй салуға беру ақылға сыйымсыз, - дейді Мөңкеұлы көшесі 105/1 үйдің тағы бір тұрғыны Айнұр Иманғалиева.

Тұрғындар көп қабатты үйлердің төменгі қабатынан ашылған, балабақша талаптарына сай келмейтін, сонымен қоса мемлекеттік балабақшадан 2-3 есе қымбат жеке балабақшаларға балаларын бергісі келмейтінін, кейбірінің тіпті жағдайы көтермейтінін айтты. Себебі бұл аудандарда негізінен бюджет қызметкерлері, мүгедектер, жас отбасылар қоныстанған. Тұрғындар бас жоспардағы балабақша орындарына көпқабатты үйлер салынуына түбегейлі қарсы және бұл деректердің әбден тексерілуін, жемқорлық фактілері бар-жоғын анықтауын құзырлы органдардан сұрайды.

Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Түстікбай ПДП бойынша ол жерге балабақша құрылысы қарастырылған десе, сол бөлімнің маманы А.Хайрлиев Орал қаласының бас жоспары бойынша бұл жерде 9 қабатты үй салынады дейді. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы А.Темірханова 2025 жылға дейін балабақша салуға қаржы қарастырылмаған десе, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарлары З.Гумарова мен С.Темірғалиева ол жерге үй салынып, бір подъезд балабақшаға берілетінін айтады.

Нұрлыбек Рахманов, БҚО

Серіктес жаңалықтары

Сараптама