Тараздың ауасын ластаған «Қазфосфат» зауытына айыппұл салынды
Тұрғындар зардап шеккендерін дәлелдесе, тиісті орындарға шағым түсіріп, өтемақы ала алады
Тараздықтарды көк түтінмен улаған «Қазфосфат» зауытына 5 миллион теңге айыппұл салынды. Кәсіпорынға жоспардан тыс тексеріс жүргізген экологтар одан 5 заңбұзушылықты анықтаған.
Сорақысы – кәсіпорында апатты жағдай болған кезде тиісті орындарға дер уағында хабар берілмеген. Оған қоса, цехтың сорғысы істен шыққанда түтінді мұржаға жібермейтін автоматты бұғаттау тетігі болмапты. Соның салдарынан 1 тонна күкірт триоксиді ауаға тараған. Сондай-ақ фторлы сутегі мөлшерінің қалыпты деңгейден 7,5 есе артқаны анықталған.
Департамент осындай олқылықтары үшін мекемеге қомақты айыппұл белгіледі.
«Экология департаменті зауыттың кінәлі екенін дәлелдеп отыр. Яғни кәсіпорын күкірт триоксидін шамадан тыс таратып, қоршаған орта мен халыққа залалын тигізді. Ал тұрғындар зардап шеккендерін дәлелдесе, тиісті орындарға шағым түсіруіне болады. Сол арқылы өтемақы ала алады», - дейді Жамбыл облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Арсен Латыпов.