«Қатты итерсең, құлайды»: Баянауылда салынған жаңа үйлер сапасыз болып шықты
Тұрғындар үйді салғандар мен оны қабылдап алған әкімдік өкілдері жауапкершілікке тартылу керек деп отыр
Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі жаңа үйдің тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, баспаналар өте сапасыз салынған. Бөлмеаралық қабырғасы – гипсокартон деседі. Тіпті, кейбір үйлердің қабырғасы тесіліп қалған.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, ол үйлер әу баста орталық жылу жүйесіне қосылуы тиіс болған. Ол да орындалмапты. Әр үйге жеке пеш орнатылғанмен, онымен пәтерді жылыту мүмкін емес көрінеді.
Бұл пештің қасында отыру керек. 4 қалақ көмір жарты сағатқа жетпей жанып кетеді. Үйдің іші тез суиды. Шелекпен салсақ, ана жерде температурасы бар ғой, мына пеш селкілдейді. Жарылып кетуі мүмкін, - дейді кент тұрғыны Өркен Күзенбаев.
10 пәтерлі 5 үйдің құрылысына қазынадан 100 млн теңге жұмсалған. Алайда олардың сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды.
«Төбесі жарылып, су ағып жатыр. Қабырғасын қатты итерсең, құлайды. Шатырды жөндейік десек, не есік, не тесік жоқ. Линолеум жыртылып жатыр», - дейді Самалхан Шона атты тұрғын.
Баспананың сапасыз салынғанын айтып, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі өкілдері де әкімдікке бірнеше мәрте хат жазған. Алайда одан да нәтиже жоқ.
Үйдің ішінде кірпіштен салынған бір қабырға жоқ. Үстіндегі жабуы – бетон плиталар. Тіреуіштері де жоқ еш жерде. Жабылған плиталардың тіреулері қайда? Ертең оның құлап, ортаға түспейтініне кім кепілдік береді? - дейді қоғамдық қордың Павлодар облысындағы филиал басшысы Нұргүл Қайырденова.
Ал тұрғындар үйді салғандар мен оны қабылдап алған әкімдік өкілдері жауапкершілікке тартылуы керек деп отыр. Аудан атқамінерлері болса, мәселені шешеміз дегеннен басқа жарытып жауап бермеген.
Үйге кірдік, барлығы жаңа. Бәрі тұр. Содан кейін сатып алдық. Линолеумның жұқа екенін біз қайдан білейік? Кісілер кіргеннен кейін ғана осындай проблемалар шығып жатыр, - дейді Баянауыл аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Абылайхан Белгібаев.
Сондай-ақ Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев үйдің екі шетіндегі қабырға негізгі болып саналады, сондықтан гипссокартоннан салынған бөлме арасын кірпішпен бөлетіндей ешқандай ауыртпалық жоқ деп отыр.
Бірақ әкімдік бәрібір сапасыз салынған үйді қалпына келтіруге демеуші іздемек. Ал оның табылар-табылмасы тағы белгісіз.