×

Қаңтар оқиғасы: Алматыда тағы 36 адам бостандыққа шықты

«Аманат» қоғамдық комиссиясы тек қылмыстық істер бойынша айналысып жатыр

 Халық үні 02.02.2022 | 09:19
фото: inform.kz

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған кінәсіз азаматтардың бостандыққа шығуына көмектесу мақсатында елімізде «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылды.

Қоғамдық комиссияның төрағасы Абзал Құспанның айтуынша, көпшілік ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы бойынша істі болғандарды босатуды сұрап отыр.

«Мен Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3 бөлімнен тұратынын түсіндіргім келеді. 272-баптың 1-бөлімінде - ұйымдастырушыларға, 2-бөлімінде - қатысушыларға, 3-бөлімінде - араңдатушыларға жаза көзделген. Біз 272-баптың 2-бөліміне баса көңіл бөліп отырмыз, себебі, көп жағдайда белгісіз ұйымдастырушылар мен арандатушылардың сөзіне еріп, абайсызда арандап қалған азаматтар «қатысушылар» болып саналады», - деді Абзал Құспан.

Абзал Құспанның айтуынша, «Аманат» қоғамдық комиссиясының араласуымен Алматыда бір апта ішінде 36 адам бостандыққа шыққан. 36 адамның тең жартысы – жаралылар, оның ішінде кәмелетке толмаған екі бала бар. Одан бөлек, тізімде бостандыққа шығуға тиіс тағы 3 бала тұр екен. Комиссия мүшелері жаралылар түгел босатылуы керек деген ұсыныс айтып отыр.

Комиссия мүшелері алдағы уақытта басқа өңірлерді де аралауға шығады.

Семей қаласына белгілі заңгер Ерлан Қалиев кетті. Ол прокуратура органдарымен бірлесе комиссия атынан сонда жұмыс істейді. Басқа өңірлерге өзіміз барып, барлық жағдаймен танысып, жұмыс жүргіземіз. Біз 200 адаммен жеке кездесіп, олардың ісін қарастырудамыз. Бірақ әлі қарап үлгермеген материалдар да бар. Өңірлерді аралап болған соң, Алматыға қайта ораламыз. Біз тек қылмыстық істермен  айналысып жатырмыз, - деп қорытындылады сөзін Абзал Құспан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама