Әуелде төрт белсенді болған
Зейнет жасын 58-ге түсіруді талап етіп жүрген «Қазақстан әйелдері қозғалысының» жетекшісі Майкен Бегарыстанова қозғалысты 2021 жылы 28 ақпанда құрған. Оны Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтып берді.
Менің жақындарым, сыныптастарым, туыстарым 55-ке жетпей өмірден қайтты. Кейін жасым 58-ге толатын туған күніме 2 күн қалғанда мен де «неге 58-ге жетіп тұрып зейнеткерлікке шыға алмай жатырмыз?» деген ойға қалдым. Сөйтіп, алдым да жаза бастадым. Содан бастап 6 ай ішінде қатарымыз 10 мың әйел болды. Әйелдер Қазақстанның түкпір-түкпірінен қосыла бастады, дейді ол.
Оларды бірінші болып «Халық» партиясы қолдаған. Бұрынғы депутат Зәуреш Батталова да қолдау көрсетіп, заң тұрғысынан кеңестерін берген.
«Біз де тек заң жолымен жүреміз деген ұстаным бекіттік. Әуелде төрт белсенді болдық. Сөйтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрімен кездестік. Одан нәтиже болмады. Одан соң «Аманат» партиясының депутаттарымен кездесіп, әрқайсының алдына мәселемізді қойдық», дейді белсенді.
Оның сөзінше, фракция депутаттарының ішінен тек Аманжан Жамалов, Динара Зәкиева мен Ләззат Рамазановалар ғана Мәжілісте бұл мәселе көтерілгенде қолдайтындарын айтты. Қалғандары үндемей, жылы шығарып салыпты.