Мердігерлердің қателігін мемлекеттік мекеме басшылығы мойындап отыр
Жамбыл облысында диқандар су тапшылығынан қауіптеніп, дау шығарды. Алпыстан астам шаруа Райыс каналының басына жиналып, оның үшінші жылға жалғасқан құрылысына қарсы екенін айтты. Айтуынша, қыруар қаржы жұмсалған су арнасының жобасы әу бастан дұрыс жасалмаған. Салдарынан сапасыз соғылған құрылыс нысаны сыр беріп, арнаның бетон қабырғалары құлап қалған. Алқаптағы ағайын 3 жылдан бері суару мәселесінің қиынға соққанын айтады. Егіні бітік шықпай, шығынға баттық деген шаруалар «арнаның атүсті салынуының зияны бізге тиіп отыр» дейді.
Айша бибі ауылдық округінде 3098 гектар суармалы жер бар десек, бүгінде оның тек жартысы ғана суарылады. Ал, қалған бөлігіне Райыс каналынан тарайтын тіршілік нәрі жетпей отыр. Шаруалар егін егу науқаны басталса, тағы да су тапшылығы болады деп алаңдайды.
«Канал жүйесінің дұрыс жасалмағанынан осындағы шаруа қожалықтар шығынға батып отырмыз. Бұл арықтың құрылысын 2021 жылы аяқтаймыз деген. Енді, тағы бір жылға қалып отыр. Мен былтырғы науқанда суға 1 млн 300 мың теңге төледім. Шығарған шығынымның жартысын да қайтара алмадым. 120 га алқаптағы пісте мен жүгерімнің тең жартысы қурап қалды», - дейді «Би-сұлтан» шаруа қожалығының басшысы Нұрғазы Омарқұлов.
Сәкен Парманқұлов есімді тағы бір диқан каналдың жобасы дұрыс жасалмағандықтан, арнасына су сыймайтынын айтады.
Көктемде су алу үшін «ҚазСуШар»-мен келісім-шарт жасасқанмын. Алайда, су берілмеді. Каналдың жобасы дұрыс жасалмағандықтан, арнасына су сыймайды. Содан бізге су келмейді, - дейді Сәкен Парманқұлов.
Ал, алқаптың суына жауапты маман ақаулардың шығу себебін арна құрылысының аяқталмауымен байланыстырды. Сондай-ақ, олқылықтардың болуы жобалаушылардың қателігінен екенін мойындап отыр.
«Кеңес үкіметі кезінен құрылысы жүргізілмеген канал кезінде ауданның есебінде болған, кейіннен қараусыз қалған. Сондықтан біз 3-4 жыл бұрын «ҚазСуШар»-дың балансына алып, қайта жабдықтауға бергенбіз. Мердігер мекеме 1 млрд 880 млн теңгеге тендерді ұтып алған. Құрылысшылар магистралды каналдың құрылысын жасау кезінде, қателіктер жіберген. Мәселен, арықтағы судың өткізу қабілеті секундына 3 текше метр болуы керек, бірақ былтыр жазда 1,8 текше метрден артық су сыймады. Олар арнаның су өтетін жері бұрын 4 метр болғанын ескермей, жоба кезінде 2 метрге қысып қойған. Содан су жеткізуде проблемалар болды. Соған қарамастан былтырғы егін науқанында суарылуы тиіс 1 400 гектардан астам алқап толық су ішті. Оларға у-шусыз сұраған суын жеткіздік. Енді жіберілген қателіктерді қайта жөндетпекпіз», - деді «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының басшысы Қазбек Бедебаев.
Жауаптылар арна құрылысын қайта жөндеуге қанша қаржы жұмсалатынын кесіп айта алмады. Алайда, шенеуніктердің биыл егін көлемін қысқарту керектігі жайлы айтқаны шаруалардың одан сайын шамына тиді. Онсыз да судан тарығып, аз өнім алдық деген қожалық иелері мұны «жығылған үстіне жұдырық» деп санайды. Су мәселесі жақын арада шешілмесе, несібесін жерден жиған диқандар тағы да өнімсіз қалуы мүмкін.
Айта кетейік, Райыс каналынан 170-тен аса қожалық су ішеді.
Жамбыл облысы шаруашылыққа қолайлы аймақ болғандықтан, өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша мән беріледі. Дегенмен, көктем келіп, күн жылыған сәттен бастап шаруалар үшін су мәселесі күн тәртібіне шығады.
Жамбыл облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Айтақов аудандардағы су қоймаларына орта есеппен 51,24 млн м3 су жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға аз. Себебі өткен жылға қарағанда жауын-шашын 32%-ға төмен.