Үшінші жағдай: Оралдағы ойын алаңында тағы бір баланың саусағы кесілді
Жергілікті әкімдік қаладағы барлық балалар және спорт алаңдарын тексеруге енді кіріспек
Оралда ойын алаңында тағы бір баланың саусағы кесіліп кетті. Бұл жолы оқиға Қонаев шағын ауданындағы балалар алаңында болды, деп жазды «Мой город» порталы.
13 жастағы Диас Қайырғожиннің анасы журналистерге 1-үйдің ауласындағы балалар алаңында баласы ортаңғы саусағын жарақаттап, шынашағының бөлігін кесіп алғанын айтты. Диас 25 шілде күні түскі уақытта туыстарына қонаққа барып, басқа балалармен бірге алаңға ойнауға шыққан. Бірақ он минуттан кейін жарақат алып, үйге жүгіріп келген. Жақындары жедел жәрдем шақырып, бірақ оны күтпей, өз көліктерімен ауруханаға жеткізген.
Жақын жердегі қалалық ауруханаға апардық. Ол жерде оның жарақатын таңып, бізді көпсалалы балалар ауруханасына жіберді. Балалар ауруханасында қажеттінің барлығын жасады. Жараны өңдеп, етке салбырап тұрған саусағын тігіп берді. Бұл бала үшін соққы. Біз басында ешқайда шақымданбадық. Бірақ қанша уақыт өтсе де әткеншектер сол қалпы тұр. Оны ешкім орнынан алып тастамаған. Әр балаға оның қауіпті екенін түсіндіріп бітпейсің ғой, – дейді зардап шеккен баланың туыстары.
Дәрігерлер саусақтың бітіп кетуі үшін бар көмекті көрсетіп жатыр. Алайда ешқандай болжам жасай алмайды.
Еске сала кетсек, осыған ұқсас жағдай 27 шілде күні балалар алаңында болды. Онда тура осындай жаттығу құралында 13 жастағы жасөспірім екі саусағының бөлігінен айырылды. Сондай-ақ 11 жастағы Нұрәмір Есенәлиевтің үстіне футбол қақпасы құлап, ол ауруханада қайтыс болды.
Жергілікті әкімдік қаладағы барлық балалар және спорт алаңдарын тексеруге енді кіріспек. Содан кейін анықталған барлық олқылықты жоюды жоспарлап отыр.