Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар саны артпақ
Бұндай вагондарға халық сұранысы артқан
«Жолаушылар тасымалы» АҚ әйелдер вагондары бар маршруттар тізімін кеңейтіп жатыр.
Ұлттық тасымалдаушы халықтың сұранысын ескере отырып, 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап әйелдер вагондары бар пойыздар санын көбейту туралы шешім қабылдады. Жоба пилоттық режимде тағы алты жолаушылар пойызында жұмыс істейді. Олар:
- № 45/46 «Павлодар-Шымкент»;
- № 85/86 «Нұр-Сұлтан-1-Шымкент»;
- № 37/38 «Маңғыстау-Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Семей»;
- № 47/48 «Нұр-Сұлтан - Нұрлы жол-Атырау»;
- № 379/380 «Алматы-2-Орал»;
- № 73/74 «Алматы-2-Жезқазған» .
Интернет-сайттарда және билет кассаларында әйелдер вагонына теміржол билетін ресімдеген кезде жолаушылар мұқият болып, шартты белгілерге назар аударуы тиіс. Әйелдер вагонына 7 жасқа дейінгі ер балаларды ресімдеуге де жол беріледі.
Былтырғы қазанда №77/78 «Алматы - Маңғыстау» әрі №351/352 «Алматы – 1-Өскемен» жолаушылар пойыздарында әйелдер вагонымен жүру қызметі іске қосылды. Жоба іске қосылған сәттен бастап, 2021 жылғы 10 қазан мен 31 желтоқсан аралығында бұл қызметті 13243 әйел пайдаланды.