Оскаровка ауданы Сарыбел болып өзгерді

Дастан Жұмабекұлы

Ономастика комиссиясы бірауыздан оң шешім қабылдады

фото: new.cbs-osakarovka.kz

Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында екі ауданның атауы өзгерді.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты.

Қарағанды облысы Осакаров ауданының атауы өзгертілді. Жергілікті тұрғындар жиырма жыл бойы «Сарыбел» тарихи атауын қайтару мәселесін көтеріп келген болатын.

Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясы осы мәселеге байланысты бірауыздан оң шешім қабылдады.

Сонымен бірге Шымкент қаласы әкімдігінің жаңа ауданға «Тұран» атауын беру туралы ұсынысы да қолдау тапты. Комиссия мүшелері мемлекеттік меншіктегі бірқатар объектілерге атау беру және қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді.

Қоғамда ономастика мәселелерінің әлеуметтік маңызы зор. Барлық ұсыныстар сараптамалық және ғылыми орта өкілдерінің, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қатысуымен қаралады. Соңғы уақытта комиссия бірінші кезекте азаматтардың пікірін ескеріп, бірқатар маңызды шешімдер қабылдады, –  деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Бұған дейін хабарланғандай, «Сарыбел» – бұл аймақтың тарихи атауы. Бұл мәселені Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессорлары мен доценттері терең зерттеп келеді.

Барлық ауылдық округтер мен кенттер бойынша тыңдаулар өтті. Хабарландырулар аудандық әкімдіктің және мәслихаттың ресми сайттарында, аудандық «Сарыбел КЗ» және «Сельский труженик» газеттерінің парақшасында жарияланды. Тыңдауға Қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті қоғамдастықтар және аудан тұрғындары қатысты. Барлық сұрақтарға түсініктемелер мен жауаптар берілді.