Ведомство мұндай деректерді азайту үшін сарбаздарға білезік тақпақ
Биыл 5 айда елімізде 4 мың суицид дерегі тіркелді. Оның төртеуі қорғаныс саласында. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қолымда Бас әскери медицина басқармасының басшысы берген статистика бар. Ол көңіл көншітпейді. Биыл 5 айда Қазақстанда 4 мың суицид дерегі тіркелген. Оның ішінде Қорғаныс министрлігінде 4 дерек тіркелді. Бұл жасалған суицидтердің – 0,1%-ы, - деді вице-министр.
Ол бұл деректер бойынша арнайы топ құрылғанын, суицид дерегін азайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Суицидтің 4 дерегі тіркелді. Оның екеуі үйде ұрыс-керістің болуына байланысты болған. Қалған 2 дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұған қатысты мәлімет бере алмаймын», - деді Дархан Ахмедиев.
Оның пікірінше, қорғаныс саласындағы цифрландыру жұмысы өзіне қол салу дерегін азайтуға септігін тигізуі мүмкін.
Сарбаздың жүрген жері мен тамыр соғысын қадағалайтын білезіктерді қолдану ұсынылып отыр. Егер сенсор сөніп қалса, командирлер осы жерге барып, тексеру жүргізеді. Суицидке бейімділігін анықтау үшін психологиялық тесттер әзірленді, - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ Дархан Ахмедиев әскерде суицид дерегінің болуын сарбаздардың материалдық жағдайымен байланыстырды.
Мысалы, 18 жастағы жігіт әскери борышын өтеуге келеді. Бірақ оның 9 млн теңге кредиті бар. Әртүрлі мақсатқа алынған несие. Бұл бір себеп болып саналады. Әлеуметтік мәселе өте көп. Бұл өзіне қол салуға триггер болуы мүмкін. Нақты себебін айту қиын. Сондықтан әрбір жағдайды жеке зерттеу керек, - деді вице-министр.